Ақтөбеде бірегей үш ірі жоба салынады
Жалпы биыл өңірде 297 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 207-сі құрылыс-монтаж жұмыстары болса, қалған 90-ы — жобалық-сметалық құжаттамма.
Біз облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарсбаевпен Ақтөбеде іске асырылатын бірегей жобалар туралы әңгімелескен едік. Сонымен…
Театр
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев театр салу туралы тапсырма берген соң дереу жер телімін іздестіруге кірістік. Ақтөбе қаласындағы Алтын орда шағын ауданында ескірген, қураған қараталдар қаптаған үлкен аумақ бар. Бұл ағаштардың әбден қурағаны соншалық — сіріңке тартсаң өртеніп кету қаупі басым. Аталған жер телімі орман шаруашылығына тиесілі. Жер көлемі — 180 гектар. Тиісті министрлікпен бірлескен жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде жер телімі рәсімделуде. Бұл аумақта 4 ірі жоба салу жоспарланып отыр. Олар: драма театр, орталық стадион, көпсалалы спорт кешені және саябақ. Бұл жобалар кезең-кезеңмен, кезек-кезегімен салынады. Ең алдымен, драма театрдың құрылысы басталады, — дейді Аслан Жарасбаев.
Оның айтуынша, театрдың құрылысын салу үшін екі аумақтан жер телімдері қарастырылыпты. Бірі — облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен Неке сарайының ортасы, екіншісі — Алтын орда шағын ауданындағы жоғарыда аталған аумақ. Жан-жақты зерттеліп, саралана келе, Алтын орда шағын ауданы таңдалыпты.
— Өйткені бұл аумаққа жан-жақтан келетін көлік жолы бар, яғни аумақ үлкен жолдың бойында орналасқан. Ал мешіттің маңы — локация тұрғысынан алғанда өте керемет жер. Бірақ мұнда мешітпен бірге Өнер орталығы, Неке сарайы, саябақтар секілді онсыз да үлкен нысандар бар. Сол себепті Әбілқайыр хан даңғылының осы ғимараттар тұрған бөлігінде көліктердің, оның ішінде қоғамдық көліктердің кептелісі болып, көлік қатынасына қиындық туғызады. Ірі ғимараттардың бір жерде көп орналасуы тіпті жаяу жүргіншілердің жүруі үшін де қолайсыздық тудырады, — дейді Аслан Байқазақұлы.
Театрдың сыйымдылығы — 700 орын. 2 зал болады. Бірі — үлкен, екіншісі — кіші зал. Жобаның жалпы құны шамамен — 20 миллиард теңге.
— Құрамында жиырмаға жуық түрлі саланың қызметкерлері бар жұмыс тобы құрылды. Төрағасы — облыс әкімінің орынбасары. Осы уақытқа дейін жұмыс тобының бірнеше рет отырысы өтті. Жиын барысында өзекті мәселелер талқыланды. Жобалаушылардың ұсыныстары ескерілді. Заман талабына сәйкес бірнеше эскизді қарастырып отырмыз. Театр ғимаратының өзге нысандардан өзіндік ерекшелігі, артықшылығы болады ғой. Ғимаратқа ерекше сәулеттік келбет беретін бағандар орнатылады. Соңғы жылдары еңсе көтерген Астана, Петропавл, Түркістандағы театрлардың ғимараттарын зерттеп, зерделеп, үлгілерін алдық. Қазір Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында қазақ және орыс труппалары бір ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Қазақ труппасы жаңа ғимаратқа көшіріледі. Орыс труппасы сол бұрынғы нысанда қалады, — дейді Аслан Жарасбаев.
УЕФА талабына сай келетін стадион
— Халық Ақтөбені «футболдың астанасы» деп атайды. «Ақтөбе» футбол командасы — жанкүйерлерімен де мықты екенін күллі ел біледі. Футбол әлеуетінің мықты болмағы стадиондардың инфрақұрылымына да байланысты. Ақтөбеде УЕФА-ның талабына сай келетін, соңғы үлгідегі орталық стадион салынады. Бұл — Ақтөбе үшін үлкен мақтаныш. Өйткені УЕФА талабына сәйкес келетін стадион елімізде әзірге Елордамызда ғана бар. «Астана аренадан» кейінгі кезекте ғаламат стадион біздің Ақтөбеде салынбақ. Сыйымдылығы — 25-30 мың орын. Жобаның жер көлемі — 20 гектар. Қазіргі стадион — 70-жылдары салынған, тозығы жеткен, ескі ғимарат. Онда 13 мың көрермен сыяды.
Айта кету керек, стадион салу үлгісін пысықтағанда «Астана аренамен» бірге Ресейдің Саранск қаласындағы стадионды да зерделедік. Жобаның құны шамамен 35-40 миллиард теңгеге бағаланады, — дейді Аслан Байқазақұлы.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бір миллионнан астам адам футболмен тұрақты түрде шұғылданады екен. Бүгінде елімізде 17 футбол орталығы және 2 академия жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам бала жаттығып жүр. Айта кету, біздің өңірде де футбол академиясы салынып жатыр. Ақтөбе қаласындағы Маресьев көшесінде бой тіктейтін ғимарат жазда пайдалануға беріледі. Жоба құны — 2 миллиард теңгеден астам қаржы.
Күні кеше ғана облысқа іссапармен келген Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов алдағы уақытта біздің өңір футболдан отандық кадрларды даярлаудың ордасына айналатынын айтқан болатын. «Ақтөбе» ФК қызметкерлері, жаттықтырушылар мен футбол ардагерлерімен өткен кездесуде федерация президенті Ақтөбеде ҚФФ-ның штаб-пәтері орналасатынын да мәлімдеді.
Халықаралық талап және көпсалалы спорт кешені
Аслан Байқазақұлының айтуынша, «Қоныс» спорт сарайы да ескірген. Сол себепті Ақтөбеде халықаралық стандартқа сай көпсалалы спорт кешені салынады. Мұнда футболдан басқа спорт түрлерінен түрлі жарыстар өткізіледі.
— Күрес, бокс, гимнастика, баскетбол, волейбол және де басқа спорт түрлеріне арналған арнайы залдар болады. Ғимараттың сыйымдылығы — 3 мың орын. Жер көлемі — 3 мың гектар. Елімізде халықаралық талапқа сай келетін, соңғы үлгідегі спорт кешендері Алматы мен Астана қалаларында ғана бар, — дейді Аслан Жарасбаев.
Оның айтуынша, осы бірегей ірі ғимараттардың маңында үлкен саябақ салынады. Жобаның көлемі — 150 гектар.
Саябақта Астанадағы ботаникалық бақтағыдай жасанды су қоймасы болады.
— Бұл үш ірі жоба 5 жылдыққа жоспарланып отыр. Үш жобаның жалпы құны — 70 миллиард теңге. Бұл — өте қомақты қаржы. Сол себепті құрылыс жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуы мүмкін, — дейді Аслан Байқазақұлы.
297 жобаның жүгі
Жалпы биыл облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы
өңірде 297 жобаны жүзеге асырып жатыр. Былтыр спорт саласында 22 нысанның құрылысы басталған. Соның 10-ы — ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Бұл он нысанның бәрі де денешынықтыру-сауықтыру кешендері. Олар Петропавловка, Бестамақ, Сағашилі, Қаратау, Құмқұдық, Бегімбет, Қарабұтақ, Қосестек, Бөгетсай, Дөң ауылдарында салынды.
—
Соңғы 3 жылда 60-тан астам денешынықтыру-сауықтыру кешені еңсе көтерді. Алдымен аудан орталықтарын қамтыдық. Одан кейінгі кезекте тірек ауылдарға, жол бойында орналасқан елді мекендерге салып жатырмыз. Спорт ғимаратынан қай аудан да кенде қалып жатқан жоқ.
Биыл 13 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оның 5-еуі — Ақтөбе қаласында, қалған 8-і — аудандарда. Нақтырақ айтсақ, Әйтеке би мен Ырғызда 2 ғимараттан және Қарғалыда, Темірде, Шалқарда, Хромтауда денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр.
Былтыр мәдениет салсында 6 нысанның құрылысы жүргізілді. Соның біреуі — Қауылжыр ауылында (Шалқар) Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қалған бесеуінің құрылысын биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл салада да солай. Аудан орталықтарының бәрінде Мәдениет үйлері бар. Қазір Шалқардағы Қауылжыр, Мөңке би секілді ауылдарға дейін шағын клуб бар.
Ақтөбе қаласының өзінде Жаңақоныста сыйымдылығы 150 орындық Мәдениет үйі салынып жатыр. Сондай-ақ Есет батыр шағын ауданында 400 орындық Мәдениет үйінің құрылысы басталады. Қызылжар, Ясный, Нокин ауылдарында Мәдениет үйлерін салу жоспарланып отыр.
Биыл мәдениет саласында 4 нысанның құрылысы салынады. Ақтөбе қаласында, Әйтеке биде, Темірде, Шалқарда салынады, — дейді Аслан Жарасбаев.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.