Ақтөбеде аулада футбол ойнайтын балалар арасында алғаш рет лига басталды

Қала аумағында жарыс өтетін 4 нүкте белгіленген. №78 орта мектебінің стадионында – Есет батыр, Қызылжар, Жібек жолы, Рауан тұрғын алаптарының; №3 орта мектебінің футбол алаңында – Құрмыш, Қалалық сүт зауыты, Мәскеу, Көктемнің; «Ақбөбек» халықаралық мектебінің футбол алаңында – Алтын Орда, Шанхай, Жастар, 5 шағын ауданның; №35 орта мектебінің футбол алаңында – Сазды және 8, 11, 12 шағын аудандардың балалары футбол ойнап жатыр. Яғни, қаламыздың 16 ауданынан 32 команда, 480-ге жуық бала қатысуда. Жас санаттары екі топқа бөлінген: бірінші топта – 2015, 2016, 2017 жылы туылғандар, екінші топта – 2012, 2013, 2014 жылы туылғандар бар.
Лиганың ашылу салтанатына футбол ардагерлері, «Ақтөбе» футбол клубы және облыстық футбол федерациясы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Спорт – ұлттың қуаты» деп атап өткендей, осындай ауқымды жобалар елімізді болашақта әлемдік аренада танытатын жаңа буын спортшылардың қалыптасуына жол ашады. Ақтөбе халқы футболды ерекше жақсы көреді. Бүгінгі жарыс арқылы, жалпы бұқаралық спортты дамыту арқылы дені сау, белсенді, саналы ұрпақ тәрбиелейміз. Бұл – тек спорт саласының емес, тұтас ұлттың болашағы. Биылғы чемпионатқа Ақтөбе қаласының 16 ауданынан келген 480 жас футболшы қатысып отыр. Лиганы жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.
А.ІЛИЯС.
aqtobegazeti.kz