Ақтөбе облысында 641 түлек «Алтын белгіге» үміткер

Білім басқармасының мәліметінше, осы жылы 9-шы сыныптан 1564 оқушы және 11-ші сыныптан 679 түлек үздік аттестатқа, 641 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.
Оқу жылы ресми түрде 23 мамырда аяқталады, сол кезде мектептерде «Білім – Отаныма!» атты сынып сағаты өтеді. 9 және 11 сынып түлектері үшін де 23 мамырда оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шара өтеді.
Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева: «Оқу жылының аяқталуына байланысты білім беру ұйымдарында қаражат жинауға, аниматорларды, агенттіктер мен жеке студияларды жалдауға, сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелердің түлектері мен 4-ші сынып оқушылары үшін мерекелік шаралар өткізуге тыйым салынады. Аталмыш заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, заң аясында қатаң шаралар қолданылатын болады», – деп еске салды.
9-шы сыныптар үшін мемлекеттік емтихандар 29 мамырдан 10 маусымға дейін, ал 11-ші сыныптар үшін 30 мамырдан 16 маусымға дейін өтеді. 18-20 маусым аралығында мектептерде орта және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанатты шаралары өтеді.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары да оқу жылын қорытындылауда. Мұнда 28 мыңнан астам студент оқу жылын аяқтап жатыр. Олардың 8812-сі түлектер. Қазіргі таңда 5120-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алса, 808-і үздік сертификат алуға үміткер.

А.ІЛИЯС.

aqtobegazeti.kz