Ақтөбе әуежайына барар жолда алма ағаштары отырғызылды

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы шаралар жалғасуда. Қала әкімі Азамат Бекет бүгін Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлерімен бірге Болашақ шағын ауданында (Ақтөбе әуежайынан 12 шағын ауданға дейінгі жол учаскесінде) ағаштарын отырғызды.   «Ел Президенті жариялаған «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында 27 наурыздан бастап ағаштарды санитарлық тазарту және отырғызу бойынша екі айлық науқан басталды. Бүгін біз 200-ден астам алма көшеттерін отырғыздық. Өткен жылы зауыт қызметкерлері Алтын Орда шағын ауданына 3 мың алма ағашын отырғызды. Биыл олар осы Болашақ шағын ауданына да 3 мың көшет отырғызбақшы. Әрі олар екі жыл бойы суаруды қамтамасыз ете отырып, көшеттерге күтім жасайтын болады.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосу мақсатында биыл қоғамдық кеңістіктерді, парк, скверлерді абаттандырамыз. Біздің жұмысымызға кәсіпкерлер де үн қосты. Кәсіпкер азаматтар біздің ұсынысымызды қабылдап, қаланың бос жатқан учаскелеріне скверлер салуға, ескірген саябақтарды жөндеуге келісім берді. Қаланың әр учаскесінен жалпы саны 11 сквер салынады және жөнделеді. Ол жерлердің бәрінде де тұрғындарға қолайлы орта қалыптасады, ағаш егіледі, суару жүйелері болады.
Бұдан бөлек біз қала жолдарын тазалау үшін арнайы техникалар паркін жаңартып жатырмыз. Өткен жылы 200-ге жуық арнайы техника алынды. Биыл тротуарлар мен жолдарды тазалауға арналған 43 техника алатын жоспарымыз бар», — деді Ақтөбе әкімі Азамат Бекет.

Жеміс ағаштарынан басқа, бұл жерге шаған, қарағаш және сирень отырғызылады.

«Біз қаланың ірі кәсіпорындарының бірі болғандықтан, шаһарымыздың гүлденуі мен көгалдандыруына өз үлесімізді қосуға міндеттіміз. Биыл біз Болашақ шағын ауданына 3 мың ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз, екі жыл ішінде оларға күтім жасап, суарамыз. Ол үшін біз көгалдандырумен айналысатын мамандандырылған компанияға жүгіндік. Өткен жылы Алтын Орда ауданында отырғызған алма ағаштарының 90 пайызы тамыр алды, биыл гүлдеп тұр. Тамыр алмаған көшеттер жақын арада жаңасына ауыстырылады. Экологиялық жауапкершілік – біздің компания саясатының негіздерінің бірі. Біз жыл сайын қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға үлес қосуды көздеп отырмыз», — деді ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.