Ақсақалдар төрағасы сайланды
Халқымыз қарттарды ақыл дариясы, даналық қазынасы деп қадірлеген. Сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы ардагерлердің орны орасан зор. Олардың айтар ақыл-кеңестері кейінгілерге, яғни өсіп келе жатырған ұрпақтарымызға өнеге.
Осы орайда өткен аптаның жұмасында аудан орталығында ауыл ақсақалдары бас қосты. Оған ардагерлер мен Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабилдин қатысты.
Басқосуға округ әкімі жетекшілік етіп, ауыл үлкендерінің сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, ақсақалдарымыз ауылымыздың өркендеуі жолында жасалып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, кейбір ойда жүрген мәселелерді де қозғады. Атап айтқанда, ауылдың жарғысына өзгеріс пен толықтырулар енгізуге қатысты пікірлерін ортаға салып, айтылған мәселелердің алдағы жылы қолдау табатындығын да жеткізді. Сондай-ақ, орталық саябақтың арғы бетіндегі Ә.Жангелдин көшесі деп танылып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі округ әкіміне аманатталды. Оған қоса қыс мезгіліне дайындық, жол, т.б. мәселелер көтерілді.
Осылайша, кездесуде ауыл қарттары өлкемізде жасалып жатқан жұмыстарға өз бағаларын беріп, қоғамның өзекті мәселесі саналатын күнделікті тәртіп пен жастар мәселесіне басты назар аударып, олармен жиі кездесу ұйымдастыру сынды маңызды тақырыптар сөз болды.
Мағыналы отырыс соңында Бадамша ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағалығына Зинелгабден Дербиспаевты бір ауыздан сайлап, сенім білдіріп тарасты.
Бақыт ИМАШЕВ