ӘКЕЛЕР СПОРТТЫҚ САЙЫСТА БАҚ СЫНАДЫ

Маусым айының үшінші жексенбісі Әкелер күніне орай Шәмші ауылында тәрбиелік мәні зор «Әке – отбасының тірегі» атты эстафеталық сайыс өтті.
Шараның басты мақсаты — отбасындағы әкенің маңызын айшықтау, салауатты өмір салтын дәріптеу, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесінде әкенің алар орнын насихаттау болды. Сайысқа ауданымыздың белсенді әрі үлгі боларлық әкелері қатысып, өзара бақ сынасты.
Қатысушылар түрлі спорттық және танымдық кезеңдерден өтіп, отбасылық бірлік пен ұйымшылдықты, төзімділік пен тапқырлықты көрсетті. Эстафетаның әрбір кезеңі әкелердің физикалық дайындығымен қатар, олардың отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын, жауапкершілігін айқындады.
Сайысқа қатысқан Альбек Сагинтаев өз ойымен бөлісті: — Осындай шаралар жарыс қана емес, балаларыма үлгі көрсетудің, отбасымызбен бірге уақыт өткізудің тамаша мүмкіндігі. Әке — тек асыраушы емес, ол — бағыт беруші, тәрбиеші. Бұл сайыс осыны тағы бір мәрте дәлелдеді, — деді ол.
Сондай-ақ, іс-шараның маңыздылығын аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы да атап өтті: — Жастарға үлгі боларлық әкелердің белсенділігі — қоғамның айнасы. Мұндай шаралар отбасылық тәрбиенің, жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Алдағы уақытта осындай жобаларды тұрақты өткізу жоспарымызда бар, — деді М.Жұбан.
Шара соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар аудан әкімінің алғыс хаттарымен және демеушілердің бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Осылайша, «Әке – отбасының тірегі» деген терең мағыналы сөздің мәні бұл жолы да айқындалып, әр әкенің отбасы алдындағы үлкен жауапкершілігі мен қадірі кеңінен насихатталды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА