АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ

Өткен аптада ауданымызда Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.
Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік жиын денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен мамандарына құрмет көрсетіп, олардың қоғам алдындағы өлшеусіз еңбегін дәріптеуге арналды.
Адам жанына араша түсіп, халық денсаулығын сақтауды өмірлік мұрат еткен ақ халатты абзал жандарға арналған кеш «Ұшқын» халықтық жастар театрының «Жедел жәрдем» қойылымымен ашылды.
Мерекелік шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Аманқұлов медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың тұрғындардың денсаулығын қорғаудағы қажырлы қызметіне жоғары баға берді. Өз сөзінде ол дәрігерлер мен медбикелердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, барша сала мамандарына зор денсаулық, отбасылық амандық пен еңбектеріне толағай табыс тіледі.
Салтанатты рәсім барысында денсаулық сақтау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мамандар марапат төрінен көрінді.
Атап айтар болсақ, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Денсаулық сақтау саласындағы еселі еңбегі үшін» төсбелгісі аудандық аурухананың дәріхана меңгерушісі Гүлнара Есболғановаға және хирург дәрігер Айгерим Габибоваға табысталды.
Сондай-ақ аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың Алғыс хатымен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, аудандық аурухана мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияларының бір топ қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында бөлім басшылары, дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, кіші буын қызметкерлері, техникалық мамандар мен жүргізушілер бар.
Мереке аясында денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне ерекше ілтипат көрсетіліп, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Көп жылғы еңбек жолында жинақталған тәжірибе мен кәсіби адалдықтың кейінгі буын үшін тағылымды мектеп екені атап өтілді.
Шара барысында Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының және «Қамқор» кәсіподағы бірлестігі төрағасының Алғыс хаттары аудандық аурухананың дерматолог дәрігері Гүлнар Мұхтасароваға, бас медбике Гүлсара Ишанғалиеваға, статист-дәрігер, әдістемелік ұйымдастыру бөлім меңгерушісі Гүлжанат Құспановаға, бөлім операторы Гүлдерайым Есболғановаға, емхана медбикесі Несибельды Бижановаға және хирургия бөлімшесінің операциялық мейіргері Жаннұр Ташеменоваға тапсырылды.
Ал медицинадағы кәсіби шеберлігі мен адамға деген жанашырлығы үшін «Мейірім» төсбелгісі жалпы тәжірибелік дәрігер Мария Утеповаға, емхана медбикесі Гүлсім Ахметоваға және Жосалы медициналық пунктінің мектеп медбикесі Валентина Калинуроваға берілді.
Мерекеде сөз алған аудандық аурухананың басшысы Еркебұлан Әбдіғалиев әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау жолындағы табанды еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Ол медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі мен біліктілігі халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды фактор екенін атап өтті. Сонымен қатар бірқатар қызметкерді өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Қоғамның басты байлығы – халық денсаулығы. Оны қорғаудағы адал еңбегі үшін Құрмет грамотасы Ащылысай дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Рауан Жаналиновқа, Шәмші Қалдаяқов дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Рахымжан Жексенғалиевке, аудандық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері Гулиза Кундыбековаға, невропатолог дәрігер Дәурен Махатовқа, офтальмолог дәрігер Жанболат Сағынаевқа, психиатр-нарколог дәрігер Аманжол Хамитовқа және хирург дәрігер Бауржан Аяповқа табысталды.
Мереке аясында аудан медицинасы үшін маңызды жаңалық орын алып, Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы атынан Әлімбет дәрігерлік амбулаториясына жаңа санитарлық УАЗ автокөлігі тапсырылды. Бұл ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды қолдау болды.
Салтанатты жиында ұйымдастырылған «Халық таңдауы – Үздік дәрігер – 2026» онлайн-байқауының қорытындысы жарияланды. Әлеуметтік желі қолданушыларының дауыс беру нәтижесі бойынша ІІІ орын аудандық аурухананың педиатр дәрігері Аманкүл Сабитке, ІІ орын акушер-гинеколог Равана Оруджоваға бұйырды. Ал І орынға Петропавл дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Күляш Қалиева лайық деп танылды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Мерекелік кеш соңында көпшілік назарына ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерді қамтыған бейнеролик көрсетілді. Одан соң аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Әсем ән мен көркем би кештің көркін аша түсіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА




