Ақ дастархан басындағы әңгіме

    Қарттар қашанда қоғамның естір құлағы, көрер көзі, ақиқатты айтар тілі, жақсылықтың жаршысы, мәселеге мән  берер   жандар.

Өткен аптаның дүйсенбісінде аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев ауылдық округтердегі ақсақалдар кеңесінің төрағаларын қазақы ақ дастархан басында қарсы алып, шай іше отырып, қонақ жайлық дәстүрмен әңгіме өрбіткен болатын.

Осы жолғы ақ дастархан басындағы басқосуға аудан мен ауданға қарасты ауылдық округтердің әкімдері қатысып, ардагерлерімізді толғандыратын мәселелерін тыңдап, келелі кездесу өтті.

Кездесу барысында аудан басшысы ауыл ақсақалдарымен ең  алғаш кездескендегі тұрғындар өтініші мен атқарған жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, күні кеше сайланған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаевты көпшілікке таныстыра келе, сөз басында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды қадірлеу тәрізді мәселелерді тілге тиек етіп, қоғамдағы қарттардың рөліне ерекше тоқталып кетті.

Аудан әкімінен соң, әр округтен келген ақсақалдар ауылдың дамуы, инфрақұрылымдарды жаңарту, жастар мәселесі мен ауыл болашағы жайында өз пікір-ұсыныстарын білдірді. Оған қоса ауыл үлкендері аудан әкімінің алғаш келген күннен-ақ қолға алып, жүзеге асырған тыңғылықты жұмыстарына ауыл тұрғындары атынан ризашылықтарын да білдірді.

Сондай-ақ, әр округтен келген ақсақалдар ауылдарындағы жергілікті биліктің қолынан келе бермейтін жұмыстарға аудан әкімінен қолдау күтетіндерін де жасырмады.

Ауыл ардагерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі өз ойын жеткізіп, алдағы уақытта облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, Ащылысай ауылдық округіне қарасты Бозтөбе ауылына газ тартуға құжаттар дайындалатынын және де Қосестек ауылындағы ескі екі көпір де биыл толық жөндеуден өтетіндігін, Бадамша-Степной ауылына барар күре жолдың бітпеген жерлері аяқталатынын да айта кетті.

Сөз соңында аудан басшысы әр ауылдық округке қатысты мәселелердің жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен алдағы уақыттың еншісінде шешіле беретіндігін  жеткізді.

Осылайша, ақ дастархан басындағы әңгіме келгендер үлкендеріміздің ақ батасымен тарқасты.

Бақыт ИМАШЕВ