АЙМАҚ БАСШЫСЫ АУДАНДА БОЛДЫ

Өткен аптаның сенбісінде  облыс әкімі Асхат Шахаров ауданымызға іссапармен келіп, өңіріміздегі  ауылшаруашылық саласын бақылап,  салынып жатырған жергілікті жолдың жай-күйімен танысты.

Жол құрылысының сапасы – облыс басшысының бақылауында

Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайтынан

Осы орайда айта кету керек, ірі жобалардың бірі «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» облыстық маңызы бар автожолын қайта жаңарту аяқталуға жақын. Аталмыш жұмыс 2022 жылы басталды. Жөндеу 45-60 шақырым және 60-75 шақырым жол учаскелерінде жүргізілді. Жөнделетін жол учаскесінің жалпы ұзындығы — 29,8 шақырымды құрады. Жөндеу жұмыстарына 5,9 млрд. теңге бөлінді. «Казкомсервис» ЖШС қайта жаңартылатын автожолды биыл аяқтауды жоспарлап отыр.

Мердігер ұйымның директоры Асхат Теңізбаев атап өткендей, жөндеу кезінде полимер қосылған жаңа технология қолданылады, бұл жол төсемінің қызмет ету мерзімін едәуір арттырады. Оған қоса «Казкомсервис» ЖШС өзінің асфальт-бетон зауыты бар және жол жөндеу жұмыстарына өздерінен шығарылатын құрылыс материалдарын пайдаланады. Зауыттың өндірістік қуаты — 175 т/сағ.

Облыс әкімі күретамыр жолдың сапасы маңызды екенін, халық оның сапалы және уақытылы пайдалануға берілуін күтетіндігін алға тартты.

Сонымен қатар, облыс басшысы Асхат Шахаров Ащылысай ауылында салынып жатқан жолдардыда қарап шықты. Кездесуде аудан әкімі құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталғанын айтты.  Шындығында соңғы 30 жылда бұл ауылдағы жолдар жөнделмепті. Қазір Ащылысайда Б.Момышұлы, Панфилов, Қазақстан және Каструбин көшелеріндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Суағар жүйесі — ауылға ең қажеті

Сондай-ақ, Бадамшада үш көшеде суағар кәріздері жөнделіп жатыр. Жұмыстарға «Регион-Сервис-Ақтөбе» ЖШС жауапты. Жобаның құны 505,7 млн. теңгені құрайды. Бадамшадағы Әбілқайыр хан, Әйтеке би және Пацаев көшелеріндегі суағарлар пайдалануға берілген кезден бері жөндеу көрмеген. Қазір тас блоктары жаңартылуда. Жұмыстар келер жылы аяқталады.

«Суағар жүйесі — ауылға ең қажеті. Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суының ағып кетуіне жақсы. Биыл аудан топан судан аман қалды. Дегенмен, біз су тасқынына қарсы шараларды назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Үш көшеде салынып жатқан суағарларға қомақты қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстарын тапсырыс беруші белгілеген мерзімде тапсыру керек», — деді әкім.

Сарқырама демалыс аймағы қарқынды дамымақ

Сапар аясында облыс әкімі «Қасқыр» сарқырамасында да болды. Бүгінгі күні туристік мақсатта сарқырамаға қызығушылық танытып келушілер қатары жылдан жылға артып келеді. «Байқұла» АҚ кәсіпкері сарқыраманың жанындағы демалыс аймағын дамытуға грант ұтып алып, қазір онда киіз үйлер, сәкілер, глэмпингтер орнатып, туристердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін катамарандар мен қайықтар сатып алынған. Оған қоса кафе салынуда. Облыс басшысы демалыс аймағын аралап, сарқырама аумағының әрі қарайғы дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Өңір басшысы шаруалармен кездесті

Сапар аясында облыс әкімі ауданның шаруа қожалығы жетекшілерімен кездесіп, мемлекеттік қолдаумен алынған ауылшаруашылығы техникаларын бақылады. Сондай-ақ, игілігі мол «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асу барысымен  де танысты.

Ауданымыздағы далалық егіс жұмыстарын толық аяқтады. Биыл диқандар мен шаруалар 151 мың гектар жерге дәнді (116,8 мың га), майлы (12,2 мың га), мал азығы (21 мың га) және бақша дақылдарын, картоп пен көкөністі жоспарға сәйкес екті. Енді алдағы уақытта диқаншылар науқаннан көп өнім күтеді.

Велихов ауылдық округіндегі кездесуде диқандар облыс әкімінен күзге қарай бидайды сақтау мәселесіне көңіл аударуды алдын ала сұрады. Ал өңір басшысы бұл мәселені тікелей өзінің бақылауына алып, егін жинайтын күзгі науқанда олармен кездесіп, пысықтайтынын  кесіп айтты.

2024 жылдың 5 айында ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 6 млрд. теңгеден асты. Былтырғымен салыстырғанда 101%-ға орындалыпты. Сондай-ақ, мал басының өсімі бар.

-«Ауыл аманаты» жобасы аясында біздің ауданымыз құс және мал басын көбейтуді, оған қоса шағын бизнесті дамытуды көздеп отыр. Бүгінгі күні 60-тан аса жоба қаржылай қолдау тапты», — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Таженов.

Аймақ басшысы бағдарламаның игілігін көрген кәсіпкерлердің көрмесін аралап шықты. Көрмеде  сүт және ұн өнімдері, құс еті, бал, тәтті шырын және балық түрлері ұсынылды.

Салынып жатырған әлеуметтік нысандар жуық арада пайдалануға беріледі

             Өңір басшысының сапары ауданымызда бой көтеріп жатырған дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен өнер мектебінде жалғасты. Екі нысанның да құрылысы ұзаққа созылып, биыл мердігерлер оларды халық игілігіне беруге тиіс.

Нақтырақ айтар болсақ, аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы басталды. Бірінші мердігер жосықсыз деп танылып, онымен арадағы келісімшарт бұзылды. Нысан құрылысы осылайша ұзаққа созылды. Былтырғы жылдың соңында жаңа мердігер ретінде «Baspana Build» ЖШС анықталып, ол кешен құрылысын аяқтауға уәде берді. Бүгінгі таңда мұнда барлық әрлеу жұмыстары аяқталған. Компания спорт нысанының қалған құрылысына 126 млн.теңге жұмсады.

Сонымен қатар, осы спорт мекемесінің қасында орналасқан Бадамша өнер мектебінің іргетасы төрт жыл бұрын құйылды. Алайда, құрылыс материалдары бағасының шарықтауына байланысты жоба бірнеше рет түзетуге жіберілді. Қаржы мәселесі шешілгенімен, нысанның құрылысы тоқтап қалды. Бүгінде бұл екі қабатты ғимараттың да ішкі әрлеу жұмыстары толығымен аяқталды. Енді «Стройком+Сервис» ЖШС нысан аумағын абаттандыруы тиіс. Мектеп – 150 орындық. Жұмыс құны 600 млн теңгені құрады.

«Өнер мектебін де, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін де тұрғындар ұзақ күтті. Оқушылар қазір жазғы демалыста. Сол себепті, абаттандыру мәселесінде асығыс танытудың қажеті жоқ. 1 тамызға дейін уақыт бар. Толықтай құжаттамалық, тағы сыртқы  жұмыстарды аяқтаңыздар»,- деп облыс әкімі мердігерлер мен жауапты мемлекеттік орган басшыларына нақты тапсырма берді.

Қарғалы-АҚПАРАТ

/Ақтөбе облысы әкімдігінің сайты бойынша дайындалды/

 

 

 

 

ТегтерІссапар