Әділеттің жетістігі
Футбол – әлемдегі ең танымал топтық ойындардың бірі, оның тарихы бірнеше ғасыр уақытты қамтиды. Қазіргі кезде бұл ойынға деген үлкеннің де кішінің де қызығушылығы зор. Тіпті өсіп келе жатырған жастарымыздың сүйікті ісіне айналып бара жатқандай. Сондай ала допты жанына серік етіп, футболшы болуды армандайтын жастарымыздың бірі – Әділет Құдайбергенұлы.
Әділет — шабуылшылар арасында жарқ еткен ойыншының бірі. Ол 2008 жылы 31 наурызда Қарғалы ауданында дүниеге келген. Анасы Перизат пен әкесі Құдайберген тұңғыштарын 2 сыныптан бастап футбол үйірмесіне қатыстырып, балаларының бұл спортқа деген қызығушылығын қалыптастыра білген. Жас футболшының алғашқы тренері – Жасұлан Оразбаев.
Әділет 7 сыныпқа дейін №2 Бадамша орта мектебінде білім алады. Одан соң Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы спорт мектебіне шақырылып, 8 сыныптан бастап Қазақстан премьер лигасында ойнайтын қазақстандық «Ақтөбе» футбол клубына жолдама аады. Қазіргі таңда біздің ауданымыздың жас үздік шабуылшысы аталмыш мектептің 10 сынып оқушысы.
Спорттағы жетістік оңайлықпен келмейді. Ол қаншама маңдай тер мен еңбектің нәтижесі. Оның ішінде футбол ең күрделі де жауапкершілігі жоғары спорт түрі. Олай дейтініміз, футболда қазіргі уақытта өте жоғары бәсекеге қабілетті және жаттығу жүктемелері, ойын қарқыны, ойын жылдамдығы, жаудың қарсыласуымен жоғары жылдамдықта техникалық орындау, шабуыл мен қорғаныстың, қарсы шабуылдардың және қысымның әртүрлі белсенді схемаларын қолдану өте өзекті болып табылады.
Сондықтан да, осындай жауапты спорт түрінен жас спортшымыздың бағындырған белестері де аз емес. Әділет республикалық деңгейдегі жарыстарға да белсенді қатысып жүр. Осы уақытқа дейін салған голдарының біршамасы маңызды ұпайлар әкеліп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Нақтырақ айтар болсақ, 2008-2009 жылдары балалар арасындағы «Zha Star Liga-2021» атты Ақтөбе облыстық балалар лигасының директоры А.С.Балсинның І дәрежелі дипломмен және де турнирдің «Үздік қорғаушысы» номинациясымен марапатталған. Сол жылдары жасөспірімдер командалары арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған футболдан «Аlikhan Сup-2021» атты республикалық турнирде 1 орын, «Bilgen» ұлттық авторлық методика және бағалау орталығының директоры А.Тұрсынның арнайы сертификатына ие болған. Облыстағы Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры М.Атабаевтың Мақтау қағазымен, сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Бақытты бала» облыстық акциясы аясында 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер командалары арасында өткен шағын футболдан ашық турнирде «Үздік шабуылшы», Алға футболының ардагері Амангелді Рахметоллаұлын еске алуға арналған футболдан жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігінде «Үздік ойыншы» номинацияларға ие болған.
«Баласы бәйгеге шапса, анасы жанын шүберекке түйіп, тақымын қысып отырады»,- деген жақсы сөз бар. Расында, ата-ана қашан да перзентінің жетістігіне шын қуанып, қолдау білдіретін жанашыр жан. Осы орайда Әділеттің де ата-анасы балаларының жетістігімен әркез мақтанатындарын жасырмады.
-«Біз кішкентайынан баламыздың спортқа деген жақындығын байқап, футболға бердік. Әрі өзінің де футболға деген қызығушылығы зор болды. Сол кездегі алғашқы жаттықтырушысы Жасұлан ағайының еңбегі көп. Тренер ағайы топ құрып, жаттығулар ұйымдастырып, оқушылардың физикалық және моральдық жағдайын бақылап, тактикалық схемаларды үйретті. Осы сәтті пайдалана отырып, біз ата-ана ретінде спорттағы алғашқы бағын ашқан Жасұлан Оразбаев ағайына командалық құрамды қалыптастырып, оқушыларды алға жігерлендіргені үшін алғысымыз шексіз» — дейді Әділеттің ата-анасы.
Олай болса, футболға жан-тәнімен берілген Әділеттің болашағы алда. Келешекте одан мықты футболшы шығатынына кәміл сенеміз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА