Адамзатты емдейтін ауыл дәрігері

Мал шаруашылығы — ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен, жеңіл өнеркәсіпті  құнды шикізатпен  қамтамасыз етеді. Ал мал, балық, арадан алынған өнімді тұтынушыларға адалынан бұйырту үшін жанын салатын ветеринария саласының мандары.

Жылда 10 шілдеде осы бір адамзаттың денсаулығы үшін жанын салып жүрген ветеринария мамандардың мерекесі атап өтіледі. Біз де мереке алдында аудандық ветеринариялық стансасының ветеринары Жәнібек Бисенбайұлымен әңгімелескен едік.

-Жәнібек келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз  құтты болсын. Ең алдымен сізге осы мамандықты таңдауға не себеп болды?

-Орынды сұрақ, кейбіреулер бұл мамандықты қорашсынады. Олар кезінде өңір толған, мал жайлаған кездегі ауыл-аймақта, жалпы алғанда малды ауылда ең құрметті мамандық екенін білмейтіндер. Дәлірек айтқанда  мал басы азайып, мал дәрігерінің қадірі төмендеген кезде есейгендер деп білемін.

Мен малды ауылдардың бірі Ақтөбе облысы Ойыл ауданының киелі Жекенді ауылында 1994 жылдың тамыз айында дүниеге келгенмін. Еңбектеген бала күнімнен бастап, қозы-лақ, бұзауды көріп өстім. Сәл есейе келе ат жалын тартып мініп, атпен серуендеуді серік еттім. Бұл мамандықты таңдауыма да  осы жағдайлар  себеп болар. Ал енді қазіргі  уақытта  жоғары білімді мал дәрігерімін.

Әкем қатардағы қызметкер болған адам. 2019 жылы дүниеден өтті. Анам Ақбұлақ су жүйесінде оператор болып еңбек етті. Мен отбасымдағы 3 баланың ортаншысымын. Балалық шағым сол туған ауылымда өтті. Кейіннен түрлі себептермен  орта мектепті осы ауданның Бозтөбе ауылындағы «Красная поле» орта мектебін бітірдім. Сол жылы Ақтөбе ауылшаруашылық агро-техникалық колледжінің ветеринариялық саласына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп, мал дәрігерлік еңбек жолына аттандым. Бұл салада «Актеп», «Аққұс», «Анди» ЖШС-де мамандығым бойынша ұштастыра еңбек еттім. Сонымен қатар «Жантизер» шаруа қожалығында да қызмет жасап, малды қолдан шағылыстыру (осеменатор) мамандығында қоса атқардым. 2018 жылы Хромтау әкімдігі «Үздік осеменатор-2018» дипломмен марапаттады. Аз ғана уақыт ішінде мамандығыма деген қызығушылығым артып, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Ветеринариялық медицина» факультетін 2018 жылы тәмамдап, кейін өзім бұрын еңбек еткен «Анди» ЖШС-де 2020 жылдың басына дейін қызмет еттім. Одан соң  Қарғалы аудандық ветеринариялық стансасына ауысып, күні бүгінге дейін  мал дәрігері болып еңбек етіп келемін.

 

Ауданды қамтитын стансаның негізгі міндеті халықтың мал-жанының саулығына көмектесу. Бір сөзбен айтқанда,  малға жылдағы профилактикалық  шараларды мезгілінде өткізіп, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу, малды есепке алу, таңбалау, санитарлық жағдайын қадағалау сынды жұмыстардың барлығы дерлік осы сала мамандарының жауапкершілігінде.

Жалпы айтқанда аудандағы эпизоотикалық  тұрақтылықты  сақтау, аса қауіпті жұқпалы ауруларды болдырмау — біздің міндетіміз. Кейбіреулер жай ғана мал дәрігері деп айта салу оңай. Алайда, әрбір қызметтің өзіндік жауапкершілігі бар.

Акедемик К.Скрябин айтып кеткендей «Медицина адамды емдесе, ветеринария бүкіл адамзатты емдейді»,- деген қанатты сөзге сай  еңбек етіп, өз мамандығымызға жауапкершілікпен қарап,  қызмет жасап келеміз. Бұл сала мамандарының қазіргі қоғамда алар орны орасан зор.

-Олай болса, әсерлі әңгімеңізге ризашылығымды білдіремін. Біз де аталмыш сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, дендері  сау, жан есен болсын дегіміз келеді.

 Бақыт ИМАШЕВ