АДАМДАРҒА ЖАРЫҚ, ӘЛЕМГЕ ЖЫЛЫЛЫҚ БЕРЕТІН МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ

Кез келген мемлекеттің күш-қуатының бас­ты көрсеткішінің бірі саналатын энергетика – ел экономикасының базалық саласы болып табылады. Оны экономиканың күре тамыры, тірегі деуге әбден лайық.
Энергетика – заңды түрде экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. 

Сондықтан да, әр үйдегі жарық пен жылу, техника жұмысы, ХХІ ғасырдағы адамзаттың өмір сүру мүмкіндігі осы сала мамандарының жұмысына тікелей тәуелді. 

Желтоқсан айының үшінші жексенбісі – энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай аудандық электр желілері бөлімінің басшысы Талгат Досмаганбетовпен сұхбаттасқан едік.

Қарапайым еңбегімен күн сайын қоғам тынысына игілік етіп жүріп, адамдарға жарық, әлемге жылу беретін, сондай-ақ, жайлылықты қамтамасыз ететін сіздердің кәсіптеріңіз. Олай болса әңгімеміздің басын ұжымыңыздан бастасақ. Қарамағыңызда қанша қызметкер жұмыс жасайды және маман тапшылығы бар ма?

— Иә дұрыс айтасыз, энергетик мамандығы сөзсіз күрделі болып табылады. Сондықтан да, кез келген адам бұл мамандықты таңдай бермейді. Және де осы саладағы мамандар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Ал енді біздің ұжымға тоқталатын болсақ, бізде штаттық негізде 48 адам жұмыс жасайды. Оның біреуі Отан алдындағы борышын өтеуде. Ол алдағы жылдың мамыр айында келеді. Қазіргі таңда бізге УАЗ автокөлігіне жүргізуші ғана қажет. Ал жалпы маман тапшылығы жоқ. Қызметкерлердің барлығы дерлік тиісті маман иелері.

-Тағы бір жыл жылыстап, жаңа жылдың да босағамыздан енуіне санаулы күндер қалды. Олай болса осы 2023 жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасап өтсеңіз?

-Өткелі тұрған жыл жаман болған жоқ. Биылғы жылы көптеген жұмыстар атқарылды. Олардың барлығын тізбектемей ақ, халыққа үздіксіз жарық беру, жарықтандыру бойынша күрделі жұмыстар жүргізу, инвестициялық жобаларға қатысты жұмыстар легімен жүргізілді. 400-ге жуық электр желісінің бағаналары қазіргі заманауи темірбетонға ауыстырылды. Олар Әлімбет пен Степной округіне қарасты Қайрақты ауылдарындағы және де Ақжайық пен Бадамша ауылдық округтеріндегі бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Оған қоса заманауи 50 жылға дейін алаңсыз жұмыс жасауға болатын қазіргі жаңа технологиямен жасалған  өздігінен жүретін оқшауланған сымдар жүргізілді. ҚосЕстек ауылындағы екі трансформатор күрделі жөндеуден өтті. Осындай сынды атқарылатын жұмыстар әлі де баршылық.

-Көпшіліктің көкейіндегі маңызды сауалдардың бірі тарифке қатысты. Ендеше, жарыққа байланысты тарифтың бағасы қандай? Және 2024 жылы өзгерістер бола ма?

-Сұрағыңыз орынды. Енді төлем бағасына тоқталатын болсам, қазіргі кезде тарифтың бағасы жеке тұлғалар үшін – 11 теңге, заңды тұлғалар үшін 27 теңге. Әзірге тариф бағасының өсуіне  қатысты өзгерістер болатындығы жайында айтылған жоқ. Тариф бағасын қадағалайтын арнайы комитет бар, бұл солардың еншісіндегі мәселе. Сондықтан да, біздер өзіміздің ойымыздағы бағаны қоя алмаймыз. Қандай да бір өзгеріс бола қалса, антимонополиялық комитет өздері шешіп, ұсыныс етеді. Десе де, алаңдатарлықтай мәселе жоқ.

Ендігі сауал жарықтандыруға байланысты. Алдағы, яғни 2024 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

Аудан мен ауданға қарасты округтерде атқарылатын жұмыстар жетерлік. Оның ішінде жарықтандыруға байланысты жоспарлар көп. Қазір сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Қазір мен оны нақты түрде ашып айта алмаймын, ол мәселелер 2024 жылдың қаңтар айында белгілі болады. Жоспарланған жұмыстардың құжаттары дайындалып, тиісті жерге тапсырылды.

Тағы бір айта кететін нәрсе, өздеріңізге де мәлім аудан әкімінің тұрғындарымен өткізілген кездесуінде өзекті мәселелер көтерілген болатын. Солардың бірі Геолог пен Трудовой көшелеріндегі электр желісінің қысымы аздау, соған бөлек трансформатор қою мәселесі қараша айының аяғына дейін шешілетіндігін айтқан едім. Енді осы мәселеге байланысты келісімді күтіп отырмыз. Келісім шешімі шықса, сол екі көшенің желісін екіге бөліп, екі трансформатор орнатып, халықтың жарық алуына дұрыс  жағдай туғызар едік. Қалған жоспарланған жұмыстар алдағы күннің еншісінде атқарыла бермек.

-Соңғы сұраққа да келіп жеттік. Қоғамдағы маңызы зор, уақытпен санаспай, өмір қауіпсіздігі үшін аса тиянақты жауапкершілікті сезінетін мамандық таңдаудың сыры неде? Және де мерекеге орай әріптестеріңізге лебізіңізді білдірсеңіз?

Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Ал енді бұл мамандықты таңдауым өмір ағымынан туындаған болар. Өйткені, саланың жұмысы қай кезде де сұранысқа ие.  2008 жылы 13 маусымда Шалқар аудандық электр желісіне электр монтер болып жұмысқа қабылдандым. Сол жерде 6 ай жұмыс жасадым. Одан соң 1 жылдай диспетчерлік қызметке тәжірибеден өтіп, 2009 жылдың 22 тамызынан бастап аталмыш қазметке қабылдандым. Осылайша, бұл лауазымда 7 жыл жұмыс жасадым. Ал 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап шебер болып тағайындалдым. 2021 жылдың 16 желтоқсанында аға шебер мамандығына орналастым. Содан 2022 жылдың 11 шілдесінде осы Қарғалы аудандық электр желілері бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалып, осы салада еңбек етіп келемін.

Шындығында, халық  жұмысымызды бағалап жатса, кейде бағаланбай да жатады. Десе де, өзіміз қалаған мамандық болғандықтан, оның үстіне қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп қызмет жасауға тырысамыз. Қызмет барысында сондай-ақ, өмір қауіпсіздігі үшін қырағылықты сезіне білуіміз қажет. Ең бастысы кез келген адам өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығына сүйіспеншілікпен қараса, оның жемісін де көре біледі.

Осы сәтті пайлана отырып, “Энергосистема” ЖШС-не және де барша аудандық электр желілер бөлімінің ұжымы мен өзімнің ұжымдастарымды мерекемізбен құттықтай отырып, дендеріне саулық, қызметтеріне абырой тілеймін. Мезгілдің ыстығы мен суығына шыдап, еткен еңбектеріңіз ақтала берсін дегім келеді.

Әңгімелескен Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.