Буллинг – үнсіз қалуға болмайтын мәселе

Бүгінде мектеп жасындағы балалар арасында жиі кездесетін психологиялық қиындықтардың бірі – буллинг. Буллинг – бір оқушының немесе топтың басқа оқушыны жүйелі түрде қорқытуы, мазақ етуі, шеттетуі немесе психологиялық қысым көрсетуі. Бұл тек физикалық емес, эмоциялық, әлеуметтік және кибер кеңістікте де орын алады.

Буллингтің түрлері:

– Физикалық – итеру, соғу, затын жою;

– Психологиялық – қорқыту, кемсіту, қысым көрсету;

– Әлеуметтік – топтан шеттету, елемеу;

– Кибербуллинг – интернет арқылы жазалау, мазақ ету, арандату.

Белгілері:

– Бала үндемей қалуы, көңілсіз жүруі;

– Мектепке барғысы келмеуі;

– Ұйқысы бұзылуы немесе тәбеті нашарлауы;

– Денсаулығына жиі шағымдануы;

– Жаңа ортада өзін оқшау ұстауы.

Психолог кеңесі:

  1. Баланы тыңдаңыз. Оның сезімі мен айтқандарын жоққа шығармаңыз.
  2. Қауіпсіз орта жасаңыз. Отбасында да, мектепте де бала өзін қорғалған сезінуі керек.
  3. Қорғануға үйретіңіз. Өз ойын айту, “жоқ” деп айту дағдыларын қалыптастырыңыз.
  4. Мектеппен байланысыңыз. Сынып жетекшісімен, мектеп психологымен бірлесе жұмыс жасаңыз.
  5. Буллингке жол бермеңіз. Балаңыз басқаларға буллинг көрсетіп жүр ме – бұл жағын да бақылау қажет.

Есіңізде болсын:

Буллинг – уақытша жағдай емес, баланың психикасына ұзақ мерзімді зиян келтіретін күрделі мәселе. Оған немқұрайлы қарау – болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

 

Балаға қолдау көрсетіңіз – ол өзіне сенімді болсын! 

Психолог көмегі – әлсіздік емес, ақылды қадам.

 А.ЕРМАХАНОВА,

аудандық білім бөлімінің әдіскері, педагог- психолог