Бізге құт болған ауыл
Кейіпкеріміз Хасейн Баудинұлы дәм жазып, әке-шешесі Шешен елінен қоныс аударғанда 9 жаста еді. Бұл күні бір әулеттің ақылшысы ауыл-аймаққа танымал ел ағасы, биыл қазан айында еңбегінің зейнетін көрер жасқа да жетті.
Біздің ауданда түрлі себептермен қоныс аударған өзге ұлт өкілдері баршылық. Біз тілге тиек етіп отырған Хасейн Турснаев та сондай отбасының бірі. 1969 жылы әке-шешесі жұмыс барысымен Степной ауылдық округіне қоныс аударған. Хасейн 1960 жылы Шешен Республикасы Дачу-Борзой өңірінде әкесі Баудин мен анасы Айманидің шаңырағында дүниеге келген 8 баланың бірі.
1969 жылы әке-шешесі аталмыш ауылға қоныстанып, кезіндегі ауыл атауымен аталатын ұйымшарда әкесі малшы, анасы түрлі жұмыс жасайды. Кейін әкесі осы ауылда дүниеден озады. Ал анасы бүгінде Хасейннің өзімен бірге тұрады. Хасейн сол ұйымшарда еңбек жолын тракторшы болып бастап, одан соң әскер қатарында болады. Әскерден қайтып келгеннен кейін, автокөлік жүргізуші болып күні бүгінге дейін еңбек етіп келеді.
Қазіргі уақытта «Степное» ЖШС-де азық-түлікпен қамту тасымалымен еңбектері де елеулі ауылдың сыйлы азаматтардың бірі. Зайыбы Валяның отбасы осы ауылда инженер жабдықтаушы болып еңбек етсе, анасы Роза балабақшада аспазшы болып еңбек еткен көп балалы ана. Хасейн мен Валя дәм-тұздары жарасып, 1984 жылы отау құрып, үш баланы дүниеге әкеліп, өсіп-өніп отырған отбасы. Валя 23 жыл бойы «Степное» ЖШС-нің астық қоймасында таразышы болып еңбек етіп келеді.
Шындығында бұл шаңырақ иелері интернациоаналды отбасы. Өйткені, Хасейн шешен ұлтынан, ал зайбы Валя неміс қызы. Сондай-ақ, қазақ пен украйн ұлттарымен құдандалы әулет. Әңгіме барысында Валя өзінің анасының қазақ халқына деген ризашылығын жеткізді.
— Біз қазақ халқына ризамыз. Қиындық кезінде қоныс аударған түрлі ұлт өкілдеріне барын бөліп беріп паналатты. Мына жүрген сендер де осындай қонақжай, қайырқом қазақ елінің арқасында өсіп-өніп жетілдіңдер. Осы ауыл сендердің ауылдарың деп айтып, қазақ тілінде таза сөйлеп, қазақ халқын құрмет тұтуды кейінгелерге айтып отыратын болған. Сондықтан да, отбасымызбен бұл ауылды құтты мекеніміз деп құрмет тұтамыз,-деген анасының лебізін әсерлі жеткізді неміс қызы Валя.
Әңгімемізді түйіндей келе, Хасейн мен Валя өзге ұлт өкілдері болса да әріден әке-шешелерінен бастап, елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға үлестері бар әулет деуге болады. Соның ішінде өздеріне құт болған Степной аулына сіңірген адал еңбектері мен құрметтері ерекше, интернационалды әулет.
Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.