АТА ЗАҢЫМ – АРДАҒЫМ

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Халықты мемлекеттің ең жоғары билігінің иесі ретінде тану – Тәуелсіздіктің басты нышаны. Ата Заңымыз өзінің нормалары мен қағидаттары арқылы ғана емес, бекітілген асыл идеяларының арқасында да елді өркениет жолына бастап келеді. Сондықтан да Конституцияны қастерлеу – мемлекетшіл азаматтың борышы.

Шара барысында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, Ата Заңымыздың мемлекет үшін қашан да мәртебесі жоғары екендігін атап өтті. Мерекелік лебізінен соң ауданымыздың даму жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға марапаттар табыс етті.

                                       

                                     

Марапат иелерінің қатарында аудандық полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторының қатардағы қызметкері  Сергей Швец, аудандық уақытша ұстау изоляторының жүргізушісі, полиция сержанты Айсұлтан Әбілқанов, аудандық азаматтық қызмет, қару айналымын бақылау инспекторы, полиция капитаны Талгат Сатыбалдин, полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Асылхан Ертілеуов, аудандық прокуратураның қызметкері Мамбет Әлжанов, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бухгалтері Насима Жақсығалиева, аудан әкімдігі аппаратының бөлім басшысы  Нұрболат Құспанов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жұмысшысы Гүлмира Неталина, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Жайнагүл Биманбаева мен ауданымыздың белсенді ақсақалы Науат Уразбаев бар.

Мерекелік кеш аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының әуезді әндері мен әсерлі күйлеріне ұласып, көрерменге рухани серпіліс сыйлады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА