Еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз. Депутат дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов кәсіпкерлер рұқсат берілмеген жерге қонақүй, дәмхана салып жатқанын айтып, Үкіметке сауал жолдады.
Алматы облысында Жетісудың жауһары, еліміздегі жеті кереметтің біріне баланған Көлсай көлдері бар. Ұлттық парк аумағындағы ең шұрайлы жерлер кезінде жекенің қолына өтіп кеткен. Басында бұл жерлер Ауыл шаруашылық мақсатқа, шабындық және жайылымға деп берілген. Енді кәсіпкерлер қонақүй, бассейн, дәмхана салып жатыр, — деді депутат.
Оның айтуынша, мәлімет бойынша бірде-біреуінің құрылыс салуға рұқсат қағаздары жоқ. Жер мақсатсыз пайдаланылып отыр. Депутат Ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайтын ережені ешкім елмей отырғанын жеткізді.
Құзырлы орындар да оны тексеруге, шара қолдануға құлықсыз. Ресми мәлімет бойынша соңғы бір жарым жылда «Көлсай» көлдеріне жарты миллион турист келген. Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана жоқ. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды сулар мен нәжіс жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осылайша тұмса табиғаттың экологиясы бұзылып жатыр. Қала берді түтіні будақтаған көліктер көлдің басына дейін барады, — деп айтты Данияр Қасқарауов.
Сөзінше, Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақ шатқалдарына тек электромобильдердің кіруіне ғана рұқсат берілген. Екеуінің де Ұлттық парк деген мәртебесі бар.
Көлсайға да сондай шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз. Біз сыртқа кеткен активтерді қайтарамыз деп жаңа заң қабылдадық. Ел ішінде де кезінде қолды болған, арзан бағаға сатылған, заңсыз өзгенің иелігіне өткен осындай шұрайлы, ерекше қорғауды қажет ететін жерлер бар. Арнайы комиссия құрылып соларға кешенді тексеру керек, — деп атап өтті ол.
Депутат Данияр Қасқарауов тек Көлсай ғана емес, сонымен бірге барлық Ұлттық парк аумағындағы сатылған, ұзақ жылға жалға берілген барлық жердің заңдылығын тексеріп, мемлекет меншігіне қайтару қажет екенін айтты.
Бұған дейін Сенат депутаты да еліміздің туризм саласын сынаған болатын.
Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін де пайдалануды тапсырған болатын. Президент атап өткендей, туризм саласындағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді.
Дереккөз: BAQ.KZ