ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ АЙҚЫНДАЛДЫ

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Жиын барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа 2025–2026 оқу жылында атқарылар негізгі міндеттер мен басым бағыттар айқындалды.
Кеңеске аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Айжарық Серимбетов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова, мәслихат төрағасы, ардагер ұстаздар мен білім ұйымдарының басшылары және мұғалімдер қатысты.
Кеңес аясында ұйымдастырылған көрмеде облыстық және республикалық деңгейдегі ғылыми жобалардың жеңімпаздары өз еңбектерін таныстырды. Оқушылардың шығармашылық табыстары мен ғылыми ізденістері, жаңа әдіс-тәсілдері мен білім саласындағы жетістіктері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
«Білім келешегі: адал азамат пен кәсіби маман» тақырыбымен өткен кеңесте алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова өткен оқу жылының нәтижелерін қорытындылап, жеткен жетістіктерге тоқталып, жаңа оқу жылына арналған жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, бірқатар ұстаздарға марапаттар табыс етті.
Аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев білім саласы қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаздар қауымына алғыс білдіріп, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Құттықтаудан соң жыл бойы еселі еңбек етіп, білім сапасының артып, саланың дамуына үлес қосып жүрген, жас ұрпақ тәрбиесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген шығармашыл, жоғары жетістігімен көзге түскен мұғалімдерді марапаттады.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева өңірдегі білім беру жүйесінің негізгі бағыттары мен алдағы міндеттеріне тоқталып, облыс пен республикалық додаларда жетістікке жеткен ұстаздарды ұлықтап, білім басқармасы атынан құрмет көрсетті.
Атап айтсақ, білім беру саласындағы табыстары үшін Ботакөз Түркпеналина мен Мария Досмухамбетоваға Құрмет грамотасы табыс етілді. Ал Венера Куралбайқызы, Фарида Айнадинова, Кенже Мужабаева, Сұңғат Отарбаев, Татьяна Харчук, Айгүл Жақсылықова алғыс хаттарға ие болды. Сонымен қатар «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Айжарық Серимбетов «Адал азамат» біртұтас тәрбие тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатындағы мұғалім мәртебесі мен кәсіби дамуын қолдау бағытында сөз сөйлеп, білім беру ісінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген белсенді мұғалімдерді Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында Асемгуль Кужакова, Арман Жабетов, Гулаим Егибаева, Азамат Ұзақғалиев, Айнұр Кангельдина бар.
Және де аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсеноваға Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Тамыз кеңесінде «Айгөлек» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Жарқынай Есеркепова, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының директоры Рита Шаметова, №2 Бадамша орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «KIVA» бағдарламасының жетекшісі Бану Мұхтарова баяндама жасап, білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдер жайында ой бөлісті.
Жиын соңы ұстаздарға арналған концерттік бағдарламамен жалғасып, көтеріңкі көңіл күймен түйінделді.
Осылайша, жаңа оқу жылы қарсаңында өткен тамыз кеңесі ұстаздар қауымының басын қосып, білім беру жүйесін жетілдірудің нақты бағыттарын белгілеген маңызды басқосу болды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА















