Ауылдың сәні –тазалықта

Аты айтып тұрғандай, «Таза Қазақстан» акциясы алғаш рет 2019 жылдың шілде айында қолға алынып, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруды мақсат тұтты. Содан бері бұл бастама жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Игілікті істі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қолдап, мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер, жастар мен еріктілер бірлесе атсалысып келеді.
Биыл да аудан көлемінде тазалыққа бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Осыған орай Бадамша ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Балдырған Қожашева жұмыстардың барысы жайында пікір білдірді.
– Бадамша – ауданның айнасы. Мұнда 5 мыңнан астам тұрғын бар. Сондықтан орталықтың тазалығы баршамызға ортақ жауапкершілік. Биылғы сенбіліктерде әр мекемеге белгілі бір көше бекітіліп берілді. Ұжымдар жол жиегін тазалап, тал-теректерді ретке келтірді. Кәсіпкерлер де өз аумақтарын абаттандыруға үлес қосты. Аудан көлеміндегі тазалық жұмыстарына ауыл әкімінің орынбасары Роза Сибагатова жетекшілік етті. Сондай-ақ, жастар мен еріктілер қарттарға көмектесіп, аулаларын жинап берді, – деді ол.
Акция аясында орталық саябаққа 100 түп ағаш пен 300 түп гүл отырғызылды. Тек көшелер ғана емес, ауыл сыртындағы аумақтар мен қорым маңы да қоқыстан тазартылды. Бұған қоса, тұрғындарға үй-жай маңын таза ұстау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалар таратылды. Қоқысты белгіленген орынға шығару туралы ескертулер жасалды.
Дегенмен, тазалыққа салғырт қарайтындар да кездеседі. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес ескерту хаттамаларын толтырды.
Жалпы сенбіліктер нәтижесінде екі жүк көлігімен 20 тоннаға жуық қоқыс сыртқа шығарылды. Бұдан бөлек, кейбір мекемелер өз көліктерін де жұмылдырды.
– Бірліктің арқасында біршама шаруа тындырылды. Алдағы уақытта бау-бақша қалдықтарын жинау және қысқы маусымға дайындық аясында тазалық жұмыстары жалғасын табады, – деп қорытындылады Б.Қожашева.
Бақыт ИМАШЕВ







