ҚОСЕСТЕК АУЫЛЫНЫҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ ӘНГЕ БӨЛЕДІ

Қосестек – тарих пен тағылымның мекені. Бұл ауыл– ежелден келе жатқан, құтты мекен. Ауыл атауының өзі ғасырлардан сыр шертеді. Ел ауызындағы естеліктерге сүйенсек, бұл өңірге кезінде Башқұрт халқы қысымнан қашып келіп, біраз уақыт бойы паналаған. Сол кезеңде елінің ертеңі үшін күрескен Сәрке батыр оларға қамқорлық көрсетіп, панасына алған деседі.
Олар кейін өз еліне оралғанда, бес башқұрт азаматы осы өңірде қалады. Оның екеуі Қосестекте қоныстанса, үшеуі Хобда ауданына көшіп, сол жақта Кете руымен араласып, кейіннен Естек Кете руының негізін қалаған деген тарихи дерек бар. Айта кетерлігі, «Естек» сөзі башқұрт тілінде «ер» деген мағына береді.

Осы бір тарихи естелікті ұлықтап, өткен сенбіде Қосестек ауылының өнерпаздары Бадамша ауылына арнайы ат басын тіреп,«Ауылдар күні» байқауы аясында өнер мен салт-дәстүрді тоғыстырған ерекше кеш өткізді.
Орталық саябақта өткен бұл мерекелік шара ауыл тұрғындарының басын қосып, ұлттық рух пен ауылдың бірлігіне айналды.
«Сәрке батыр» деп жазылған маңдайшасы бар киіз үйдің іші тарихи жәдігерлермен безендіріліп, ауыл кітапханасы батыр туралы және де биыл кең көлемде аталып өтіп жатқан қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев жайында әдебиеттермен көрме жасақтап, көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар балалар шығармашылығы мен қолөнер туындылары қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, жас шеберлердің еңбектері жоғары бағаланды.
Осылайша, кеш қонақтары киіз үйді аралап, одан соң концерттік бағдарламаны тамашалады.
Сондай-ақ, мәдени кеште алғашқылардың бірі болып Қосестек ауылдық округ әкімі Гүлжан Досмагамбетова сөз алып, өзінің лебізін білдірді.

Айта кету керек ауыл кешінің жоғары деңгейде өтуіне, ауылдық округ аппараты, мектеп, балабақша, кәсіпкерлер мен ауыл өнерпаздары белсене үлес қосты.

Кеш барысында кішкентай бүлдіршіндерге де ерекше көңіл бөлініп, олар алаңда сурет салып, шағын бассейнде балық аулау ойындарын ойнап, түрлі марапаттарға ие болды.
Кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынған көрмеде бал, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұлттық тағамдар мен өңірімізде сирек кездесетін қымыз көпшіліктің көңілінен шықты. Қонақтар қымыздан дәм татып, ризашылықтарын білдірді.

Қосестек ауылы ежелден спортқа бейімдігімен танымал. Ауылдан талай облыстық, республикалық додаларда жеңіске жеткен спортшылар шыққан. Мерекелік кеш аясында ұлттық спорт түрлерінен — садақ ату, гір көтеру, қол күрес сайыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы марапатталды.
Биылғы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай, кешке қатысқан есімі Әлиямен аттас нәзік жандыларға сый-сияпат табысталды.
Ән мен күй, өнер мен өрнек тоғысқан әсерлі кештің соңы әсем отшашуға ұласып, қатысушылардың көңілін көкке көтерді. Ауылдың берекесін паш еткен Қосестек жұрты Бадамша халқына ұмытылмас мереке сыйлады.
Бақыт ИМАШЕВ





