АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Биыл 1 тамызда елімізде ауыл шаруашылығы санағы басталды. 20 қазанға дейін жалғасатын санақ екі кезеңде жүргізіледі.


1-31 тамыз — онлайн кезең. Барлық ауылшарушылығы өндірушілері sanaq.gov.kz сайытында сауалнамадан өз бетінше өте алады. Бұл жылдам, ыңғайлы әрі тез. 20 қыркүйек-20 қазан — оффлайн кезең. Бұл кезде интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарын аралайды.


Осы ретте біз Қарғалы аудандық статистика басқарма басшысы Гауһар Мұхитовадан санаққа дайындықтың қалай болып жатқанын сұраған едік.

— Әңгімемізді санақтың негізгі мақсатына тоқталудан бастасақ. Бұл науқан не үшін өткізіліп жатыр?
— Ең әуелі ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың бұл жаңалыққа дайын екені қуантады. Санақтың негізгі мақсаты — алдымен ауыл шаруашылық ұйымдарын анықтап, мал басын түгендеу. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы мен қолданылатын ресурстар туралы нақты ақпарат жинау арқылы жүзеге асырылады. Мұндай санақ ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын талдауға, негізгі тенденциялар мен проблемаларды анықтауға, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдаудың стратегиялық жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, санақ деректерін негізге ала отырып, субсидияларды тағайындау, несие беру және мемлекеттік қолдаудың басқа да жеңілдіктерін қарастыруға болады.
— Санаққа кімдер қатысуы керек?
Өсімдік шарушылығы, мал шаруашылығы және балық шарушылығымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер, яғни, шаруалар немесе фермер қожалықтары. Мал, балық, құс өсіретін,бақшасы бар және тағы басқа жеке қосалқы шаруашылық иелері.
— Енді ауданымыздағы санақ жұмысына дайындықтың қалай жүргізіліп жатқанына тоқталсаңыз.
— 2025 жылғы 28 қаңтардағы №3 Қарғалы ауданы әкімінің өкіміне сәйкес, елімізде 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазан аралығында өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санақтарын ұйымдастыру және өткізу мақсатында аудан бойынша арнайы комиссия құрылды. Комиссия санақ кезінде жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады. Алда болатын санақ туралы халықты хабардар ету мақсатында ауданның ауылдық округтерінде 13 баннер орнатылды. Сонымен қатар, осы жылдың маусым айынан бастап екі инструктор жұмысқа қабылданып, тестілеуден сәтті өтіп, тиісті сертификаттарға ие болды. Инструкторларға жеке кабинеттер беріліп, 2 компьютермен, принтермен жабдықталды. Компьютерлер автоматтандырылған жұмыс орнының (АЖО) жергілікті желісіне қосылды. Бағдарламалар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Қазіргі уақытта санаққа кірісіп кеттік. Тиісті нұсқаулықтар мен материалдар зерделеніп, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, санаққа қатысатын субъектілердің тізімі анықталды. Аудан аумағы 6 учаскеге бөлініп, әр учаскеде 7 санақ жүргізуші (интервьюер) жұмыс істейтін болады. Әр интервьюерге түсетін орташа жүктеме — 610 аула. Олардың учаскелер бойынша бөлінуі келесідей: Бадамша, Әлімбет — 2 адам, Петропавл — 1 адам, Ш.Қалдаяқов — 1 адам, Қос-Естек, Велихов, Ақжайық — 1 адам, Ащылысай, Преображенов, Ақкөл, Бозтөбе — 1 адам, Степной, Қайрақты, Жосалы, Кемпірсай — 1 адам.
2025 жылдың 1-31 тамыз аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санақтары онлайн форматта өтеді. Осыған байланысты ауылдық округтердегі әкімдік ғимараттарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылып, олардың үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Санақ жұмыстары жоспарға сәйкес басталып кетті.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ