Қолданыстағы қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістермен толықтырулар

Жаңа қылмыстық жауапкершілік: Қазақстанда сталкинг пен мәжбүрлі некеге тұрғызу қылмыс болып танылды.
2025 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №210-VIII Заңына қол қойды.
Бұл заң Қылмыстық кодекске (ҚК) және басқа да заң актілеріне бірқатар маңызды өзгерістер енгізді.
Екі жаңа қылмыс түрі енгізілді:
​1.​Сталкинг – яғни адамды еркінен тыс аңду немесе оның жеке кеңістігіне заңсыз араласу
​2.​Некеге мәжбүрлеу – қорқыту, бопсалау немесе басқа да қысым көрсету арқылы неке құруға мәжбүр ету
​1. Сталкинг (қудалау) үшін қылмыстық жауапкершілік
Сталкинг деп адамның еркінен тыс оған қайта-қайта хабарласу, аңду, артынан жүру немесе басқа да байланыс орнату әрекеттері танылады. Бұл әрекеттер зорлықпен байланысты болмаса да, елеулі зиян келтірсе — қылмыс болып есептеледі.
Жаза түрлері:
​•​200 АЕК-ке дейін айыппұл
​•​200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс
​•​Түзету жұмыстары
​•​50 тәулікке дейін қамауға алу
Бұл өзгеріс азаматтардың жеке өмірін қорғауға, әсіресе интернеттегі қудалау мен мазасыз хабарламаларға қарсы тұруға бағытталған.
2. Некеге мәжбүрлеу үшін жаза
Мәжбүрлі неке – бұл:
​•​күш қолдану қаупі
​•​мүлікті бүлдірумен қорқыту
​•​адамды ұятқа қалдыратын немесе зиян келтіретін ақпаратты тарату қаупі
​•​материалдық тәуелділікті немесе қызметтік жағдайды пайдалану
Жаза (қарапайым жағдайда):
​•​2 000 АЕК-ке дейін айыппұл
​•​2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру
Ауырлататын жағдайда (зорлықпен, кәмелетке толмағанға, қызметтік жағдайда, топпен жасалғанда):
​•​5 000 АЕК-ке дейін айыппұл
​•​3–7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру
Егер ауыр зардап келтірілсе (мысалы, адам өзіне қол жұмсауға әрекет етсе):
​•​5–10 жылға дейін бас бостандығынан айыру
Бұл бап қыздарды, кәмелетке толмағандарды және отбасылық қысым көрген адамдарды қорғауға арналған.
Заңның маңызы неде?
Жеке өмірге қол сұқпаушылықты қорғау
• Психологиялық қысым мен онлайн-қудалауға тосқауыл
• Некенің тек ерікті түрде құрылуы қажеттігін заң жүзінде бекіту
• Қоғамдағы жасырын зорлықтың алдын алу
​Қорытынды: 2025 жылғы өзгерістер — Қазақстанның қылмыстық саясатының адам құқықтарын қорғауға қарай бағыт алғанының нақты көрінісі.
Енді сталкинг пен мәжбүрлі неке — жай ғана моральдық мәселе емес, заңмен жазаланатын қылмыс.
Әр азамат өз қауіпсіздігі үшін заңға жүгіне алады. Егер сіз немесе жақындарыңыз осындай жағдайға тап болса — қорқып қалмаңыз, қолдау мен қорғауға жүгініңіз.

Қарғалы ауданнының прокуратурасы