Өзгеге өмір сыйлау – бақыт

Донор болу – өзге адамға екінші өмір сыйлаумен тең. Бұл – адамзаттың үмітін жалғау, үзіліп кетуге шақ қалған өмір жібін қайта жалғау. Мұны біреу біледі, біреу біле бермейді. Бүгінде елімізде қан құю саласында 470-тен аса медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Солардың бірі – «Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық қан орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.
Аталған орталықтың медицина қызметкерлері мен басшысы Толыбек Құлыбаев бастаған 12 маманнан тұратын жұмыс тобы ауданымызға арнайы келіп «Донор бол!» акциясын өткізді.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл акцияның басты мақсаты – қан қорын толықтыру және жапа шеккен жандарға екінші өмір сыйлауға мүмкіндік жасау. Акция барысында кез келген адам өз еркімен қан тапсыруға асықты. Айта кетейік, біздің ауданымызда да қан тапсыруға дайын еріктілер мен мекемелер жетерлік. Биылғы шараға аудандық прокуратура мен аурухана ұжымы белсенді қатысып, қан тапсыруға ниет білдіргендер қатары көп болды.
2022 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келе жатқан, 1984 жылы туған жергілікті кәсіпкер Марал Исмагулов ауылдастарын қан тапсыруға шақырып, донор болудың өзгеге өмір сыйлау ғана емес, өз денсаулығы үшін де пайдалы екенін атап өтті.
Тілек БЕГАЙДАРОВ