АҚ ХАЛАТТЫЛАР АРДАҚТАЛЫП, ЕҢБЕКТЕРІ ЕЛЕНДІ

Елімізде жыл сайын жаздың жайма шуақ айы маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл мереке Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жылы бекітілген болатын.
Бүгінде бұл күн барлық денсаулық саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлеріне ризашылықтың белгісіне айналып келеді. Өйткені, медицина қызметкерлерін кәсіби күндерімен құттықтай отырып, біз олардың қиын және қажырлы еңбектері үшін құрметіміз бен ризашылығымызды білдіреміз.
Биыл қандай кәсіп саласы болмасын, қарапайым еңбек адамына баса мән беруді тапсырған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысы да жүзеге асуда. Олардың ішінде медицина саласындағы қарапайым еңбек адамдары да марапатқа кенелді десек, артық айтқанымыз емес.
Өткен аптаның сәрсенбісінде аудандық мәдениет үйінде аудандағы ақ халаттылардың мерекесі атап өтілді. Мереке иелеріне арналған шараны әсем де, әсерлі құттықттау тілекпен ашқан кеш жүргізушілері Серік Қонысбаев пен Айнара Курманова көпшіліктің көңілін таба білді.
Алғы сөзді аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев алып, медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың халықтың саулығын қорғаудағы қажырлы еңбектеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ, аталмыш сала мамандарының денсаулық сақтау саласындағы зор жауапкершілік пен адалдықты талап ететін еңбектерін ерекше атап өтіп, оларға мықты денсаулық, отбасылық амандық және еңбектеріне толағай табыс тіледі.
Мерекелік құттықтаудан соң, аудан әкімі денсаулық сақтау саласының мамандарын еңбектегі жетістіктері үшін марапаттады.
Ең алдымен Ақтөбе облысындағы «Қазакстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің филиалы Отандық денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін «Асыл дәрігер» төс белгісін Қосестек дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Гульнара Сатыбалдина мен аудандық аурухананың фтизиатр және терапевт дәрігері Наталья Шуингалиеваға табыс етті.
Одан соң аудандық емхананың невропатолог дәрігері Надежда Роленко, хирург дәрігер Талғат Жолдыбай, балалар бөлімінің медбикесі Мария Тоханова, жұқпалы аурулар бөлімінің медбикесі Виктория Дроздова, жедел жәрдем бөлімінің фельдшері Эльмира Какенова, әкімшілік бөлімінің кіші буын қызметкері Гүлсінай Самарханова, шаруашылық бөлімінің қызметкері Талғат Базарбаев, жедел жәрдем жүргізушісі Ғани Кутпанов пен ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің операторы Оксана Пивоварова аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысынан денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін №2 терапиялық учаскенің жалпы тәжірибе дәрігері Мейрамгуль Базарбаева, аудандық ауруханасының бас есепшісі Әділбек Мысаев, босану бөлімінің акушеры Светлана Сибагатова, хирургия бөлімінің медбикесі Әлия Дүйсенова, ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің операторы Гүлнар Утемисова марапатталды.
Келесі кезекте аудандық аурухана басшысы Еркебұлан Абдигалиев сахна төріне көтеріліп, әріптестерін мерекемен құттықтап, Ақтөбе облысындағы «Қазакстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің филиалы Отандық денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін «Мейірім» төс белгісін аудандық емхананың хирургия кабинетінің медбикесі Қоланшаш Баймахановаға, Петропавл дәрігерлік амбулаториясының акушеры Жаныл Балапанова мен тәуліктің стационардың балалар бөлімінің медбикесі Кульпан Жоламановаға табыстады.
Және де ауданымызға танымал «Ақпейіл» халықтық вокал ансамблінің мүшесі, аудандық емхана медбикесі, медицина саласының зейнеткері Валентина Базарова да Шәмші әндерінің үздік орындаушысы облыстық байқауына белсене қатысқаны үшін марапатталды.
Оған қоса аурухана басшысы халық денсаулығын қорғаудағы атқарған кіршіксіз қызметі, абыройлы да адал еңбегі үшін ұйымдастыру–әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Эльвира Абиловаға, дәрігер анестезиолог-реаниматолог Абай Өскенге, дәрігер стоматолог Валерия Реймерге, Ащылысай дәрігерлік амбулаториясының мектеп медбикесі Тұрсын Набиеваға, аудандық емхана лаборанты Назира Алмагамбетоваға, дерматолог кабинетінің медбикесі Айнұр Көптлеуоваға, Қосестек дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Гүлжауар Ахметоваға, хирургия бөлімінің тазалықшысы Салтанат Тұяқбаеваға және Петропавл дәрігерлік амбулаториясының лаборанты Ботакөз Жумагазинаға Құрмет грамотасын табыс етті.
Мерекелік кеште марапатқа ие болған абзал жандар аз болмады. Өйткені олардың әрқайсысы қоғамның дамуына, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесін «AMANAT» партиясы да елеусіз қалдырмады. Аудандық филиал төрайымы Надежда Заглядова да ақ халатты абзал жандарды құттықтап, кәсіби еңбектеріне алғысын білдірді. Сонымен қатар, медицина саласына қосқан үлестері үшін партияның бес белсенді мүшесі, аудандық емхананың кіші буын қызметкері Сауле Нуркаеваға, аудандық ауруханасының аға жүргізушісі Маулен Махмудовқа, Әлімбет дәрігерлік амбулаториясының әлеуметтік қызметкері Раушан Уксукбаеваға, Қайрақты медициналық пунктінің кіші буын қызметкері Марина Ступаға, терапия бөлімінің кіші буын қызметкері Жанар Джаббарова құрмет көрсетіп, марапаттады.
Осылайша, бұл күні денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп, адал қызметімен ерекшеленген азаматтардың еңбегі ел алдында лайықты бағасын алды.
Салтанатты шараның соңы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Әуезді әндер әуелеп, әншілер әсем әуенмен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал «Прогресс» балаларды дамыту орталығының кішкентай бүлдіршіндері мың бұрала би билеп, өздерінің шеберліктерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның “Құрметті азаматы”