ТЖ министрі ақтөбелік құтқарушыларға арнайы техника және қызметтік пәтер кілттерін табыстады

Кездесу барысында министр жергілікті құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 28 арнайы көлікті  тапсырды. Берілген машиналардың қатарында әртүрлі модификациядағы өрт сөндіру автоцистерналары, мамандандырылған жабдықпен жарақтандырылған жоғары өтімді жол талғамайтын көліктер мен инженерлік автомобильдер бар. Бұл құтқарушылар жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырады.

Сонымен қатар, аудандық бөлімшелердің 10 маманына қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды. Бұл – олардың халық қауіпсіздігіне деген көпжылдық әрі жанқиярлық қызметтерінің еленгені.

Министр Шыңғыс Әрінов өз сөзінде құтқарушыларды техникалық жарақтандыру және әлеуметтік қолдауды нығайту министрлік жұмысындағы басым бағыттардың бірі екенін алға тартты.

«Қызметкерлер үшін жасалған жағдай, берілген жаңа техникалар бұл жүйені қолдау ғана емес, бұл – халыққа көмектің дер кезінде әрі сапалы көрсетілетініне кепілдік. Министрлік елдің кез келген жерінде құтқару қызметінің тиімді, мобильді және сенімді болуы үшін бар күшін салуды жалғастырады», – деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.

Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірлік деңгейде құтқару бөлімшелерінің дайындығы мен жарақтандырылуын қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау жалғаса беретінін айтты.

«Адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан біз қандай шешім қабылдасақ та, бәрінің негізінде халқымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты болуға тиіс. Өңірге жергілікті бюджет есебінен лизингке алынған заманауи техника жеткізілді. Бұл – жай ғана жаңарту емес, әр тұрғынның қауіпсіздігіне нақты инвестиция. Қызметтік пәтерлерді тапсыру-біздің құтқарушыларымызға күнделікті еңбектері үшін құрмет пен ризашылықтың белгісі. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деді өңір басшысы.

Стела маңында  арнайы техникалар мен жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Ашық экспозиция тұрғындарға заманауи азаматтық қорғаудың мүмкіндіктерін бөлімшелерді техникалық жарақтандыру деңгейін көруге мүмкіндік берді.