ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕР ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Маусым айының 2-сінен бастап ауданның барлық білім беру ұйымдары жанындағы жазғы демалыс лагерьлері өз жұмысын бастады.
Кезекті оқу жылы өз мәресіне жетіп, мектеп оқушылары жазғы демалысқа шықты. Жаз мезгілі – тек тынығу ғана емес, сонымен қатар балалардың денсаулығын нығайтып, бойындағы шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік. Осы орайда мектеп жанындағы жазғы лагерьлердің алар орны ерекше.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, биыл ауданымызға қарасты елді мекендердегі барлық 12 мектепте жазғы лагерьлер жұмысын бастады. Бұл – балалардың уақытын тиімді өткізуімен қатар, қауіпсіздігі мен тәрбиесіне де оң ықпал етеді.
Нақтырақ айтар болсақ, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы, №2 Бадамша орта мектебі, Қос-Истек орта мектебі, В.И.Пацаев орта мектебі және Петропавл орта мектебінде лагерь маусымы 2-13 маусым және 16 маусым – 11 шілде аралығында ұйымдастырылады. Аталмыш мектеп лагерьлерінде балалар тамақпен де, тамақсыз да қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайына байланысты бұл мектептердегі 90 оқушы жазғы лагерьде тамақпен қамтылады.
Ал Әлімбет орта мектеп-балабақшасы, Сазды орта мектебі, Бозтөбе негізгі мектебі, Қайрақты негізгі мектеп-балабақшасы, Ащылысай орта мектеп-балабақшасы, Велиховка негізгі мектебі мен Жосалы орта мектеп-балабақшасында жазғы лагерь 2-27 маусым аралығында жұмыс жасайды.
Жазғы лагерьлерде балалар үшін түрлі танымдық, мәдени-спорттық шаралар, жарыстар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, олардың белсенді әрі мазмұнды демалуына мүмкіндік жасалмақшы.
Мектеп жанындағы лагерьлер – балалардың жай ғана демалу орны емес, олардың жаңа достар тауып, қызықты сәттерге бөленетін, шығармашылық қабілеттерін ұштайтын орта десек артық айтқандық емес.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің айтуынша, жаз мезгілінде оқушылардың демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру — негізгі басымдықтардың бірі. Осы мақсатта аудан аумағындағы жазғы лагерьлердің талаптарға сай жұмыс жасауын жауапты мамандардан құрылған арнайы жұмыс тобы қатаң бақылауға алып, тексеріс жүргізді.
Айта кетейік, биыл қала сыртындағы демалыс орындарында да балалар тынығып, сергіп қайтуға мүмкіндік алуда. Оның ішінде Ақтөбе қаласында орналасқан «Шұғыла» жазғы сауықтыру лагерінде 17-26 маусым аралығында 50 оқушы демалмақ. Бұл мүмкіндік, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және қолайсыз отбасылардан шыққан балаларға беріліп отыр.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА