Жастар резервінен – жетекшілік қызметке

Өңірлік резервтің нәтижесі: Қайсар Жолдыбаев жаңа лауазымға тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің келісімімен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 15-бабының 3-2 тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 маусымдағы №255 Жарлығымен бекітілген қағидалардың 16-тармағына сәйкес, Жолдыбаев Қайсар Маратұлы «Қарғалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі лауазымына конкурс өткізілместен тағайындалды.
Қайсар Жолдыбаев – білікті әрі тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Ол 1998 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында дүниеге келген.
2020 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандығы бойынша білім алған.
Қайсар Маратұлы өз саласына қатысты түрлі бағыттарда жұмыс атқарып, кәсіби шеберлігін көрсете білді. Ол еңбек жолында «Ақтөбе облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінде статист маманы, кейін «Хромтау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бас маман, құрылымдық бөлімше басшысы сынды жауапты қызметтерді атқарды.
Жалпы еңбек өтілі 4 жылдан асады, оның ішінде 3 жылдан астамы мемлекеттік қызметке тиесілі. Қызмет барысында жинақтаған тәжірибесі мен білім-білігі жаңа лауазымда өңірлік инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі салаларындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Өңірлік кадрлық резервтің басты артықшылығы – осындай жастардың облыстық және аудандық деңгейдегі әкімдіктерге нақты лауазымдарға тағайындалуына жол ашуында.
Қайсар Жолдыбаевтың жаңа қызметі – бұл жеке жетістік ғана емес, өңірлік кадрлық резерв арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне келіп жатқан жаңа буын өкілдерінің нақты нәтижесі. Қарғалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру мақсатында жасалған бұл кадрлық шешім – мемлекеттік қызмет жүйесіне тың серпін беретін, жауапкершілік пен сенімге негізделген қадам. Жаңа лауазым иесіне сәттілік пен табыс тілейміз.