ЭСТАФЕТАЛЫҚ САЙЫС ӨТТІ

17 мамыр күні Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай оның ерлігі мен есімін дәріптеу арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық рухын, ерік-жігерін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында эстафеталық сайыс өтті.
Сайыс туризм және өлкетану орталығы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан орталығындағы саябақта өткізілді. Оған №2 Бадамша орта мектебі, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы мен Петропавл орта мектебінің оқушылары қатысты.
Жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатындағы өткен жарыс барысында оқушылар түрлі эстафеталық тапсырмаларды орындады. Бес оқушыдан құралған командалар эстафетаның 6 түрінен сынға түсті.
Атап айтар болсақ, секіртпемен жүгіру, эстафета таяқшасын алып жүгіру, Кім жылдам? ойыны, қапшықпен секіру, шығыршықпен команда жинау және арқан тартыс спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты.
Сайыс тартысты да өте қызықты өтіп, шара соңында нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен мектеп оқушылары дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қарғалы-АҚПАРАТ