МЕНІҢ ЕЛІМ
Алауыз боп, ажырап, шашыраған.
Қазағыма қаншама ғасыр алаң.
Хандық құрып Керей мен ер Жәнібек
Ұлы көшті бірлікпен асыраған.
Қара бастың қамына қарамай-ақ,
Батыр болған жасында баладай-ақ.
Жошы көшін жолынан адастырмай,
Қанды кешті, от кешті жалаң аяқ.
Керей бастап қоштаған ер Жәнібек,
Жауда кеткен қаншама жерді алып ед(і).
Керегені кең қаққан батырларды,
Ақын болып жырлаймын мен дағы кеп.
Ақтық демі қалғанша, қасық қаны,
Жаудың мысын ерлікпен басып тағы.
Ұлан-байтақ жер тастап ұрпағына,
Алшысынан түссін деп асықтары.
Қарасы мен жырауы, ел ақыны,
Хан-сұлтаны, қазақтың би-батыры.
Жұмыр болып жұмылып жұдырықтай
Қанша қолды бір жеңнен жиды ақыры.
Он бесінші ғасырды бір белгілеп,
Тарих кейін тастады күндерді көп.
Жәнібек пен Керейдің құлатпаған,
Көк байрағы көгімде тұр желбіреп.
«Қасқа жолы» кешегі хан Қасымның,
Бойға сіңдің, сен бүгін қанға сіңдің.
«Ескі жолы» есте қап Есім ханның,
«Жеті жарғы» куәсі сан ғасырдың.
Қанша ғасыр қорғаумен бабам жерді,
Мәңгілікке мұра қып маған берді.
Мәңгі ел болып бастадық Керейменен.
Мәңгілікке ес жияр заман келді.
Әлихандар шегелеп тастаған із,
Шекарамыз әлемге асқақ аңыз.
Қырық қала салдырған ер Қонаев,
Нұрағамыз салдырған Астанамыз!
Бәйтеректің діңгегі таза, тұнық,
Ақордададан аңқиды қазақылық.
Елорданы қақ бөліп еркелеген,
Есіл жатыр әр таңды мәз атырып.
Ар жағынан мұхиттың, алыс қырдан,
Қанша елді өнермен қауыштырған.
Париждегі ән салған Әміредей,
Димаш даусы бір елді таныстырған.
Хан Тәңір мен Алатау көк тіреді,
Батырлардың өр рухты боп тұр елі.
Бабалардың болжамы болашаққа,
Қыран құстың көзіндей өткір еді.
Таңдай қақсын көркіңе мына ғалам,
Абыройың болсын тек құламаған.
Тарихтағы мәңгілік ел болуға,
Еңбек еткен алаштық ғұламалар.
Тағдырымыз тарихта, таста қалған,
Көрмегенге, көргенге асқақ арман.
Менің елім мәңгілік ел болады,
Босағамыз тұрғанда тас қамалдан.
Әумин…
ҚАРҒАЛЫ
Қарт Қарғалы!
Тоқсан беске тұрсың-ау аттанғалы.
Табиғатың тамаша толғандырып,
Бұлбұлдарың сайрайды бактардағы.
Нар Қарғалым,
Қартайып калғанынды аңғармадым.
Шекараңнан ассам да дұға қылып,
Шүкіршілік айтамын таңдарға мың.
Төздiң талай, сұм-соғыс сұрапылға,
Қартайыпты белдерiң, қыратың да.
Кәрі төбе шөгедi жылдан-жылға,
Кәрi талдар дайын тұр бүр атуға.
Сәрке батыр сан мың рет қорғап өткен,
Сап түзеген сарбаздар жолда кеткен.
Жағалбайлы жайлаған жұмак жерді,
О, Жаратқан көз салып қолда көктен.
Қызылтамның мазары маңызы бар
Қос ғашыққа салынған — аңызы дәл.
Қарабұтақ мешіті Нұрпейістің,
Сафа ишан салдырған бағ(ы)зыда.
Күнiң шығып тұрғанда шұғылалы,
Шал-кемпiрiң тұстайды құбыланы.
Жүзге жетсін дегендей тiлек айтып,
Ұзақ болсын дегендей ғұмыры әлі.
Жыр Қарғалы,
Жер астында байлықтың тұңған бәрі.
Тоқсан бестен асқанда тосып жүрем,
Бір ғасырға жетердей күнді алдағы.
Мәрт Қарғалым!
Орындалар өзіңде тәтті арманым.
Атағыңды шығарар ат шаптырып,
Қаламгерлiк мендегi жатқан дарын.
Мәрт Қарғалым!