СҰРАПЫЛ СОҒЫС ЕРТЕ ЕСЕЙТТІ

Әрине, қазіргі жастарға 4-5 жастағы ұл мен қыз үлкендермен бірге  қара жұмысқа тартылып, еңбек еттік десе сенбесі анық. Алайда, бұл ақиқаттың анығы солай…

Қанша жыл өтсе де соғыстың жүректерге салып кеткен зардабы ешқашан ұмытылмақ емес. Сонау ел басына күн туған сұрапыл соғыс кезінде ерлермен бірдей еңбек етіп, Жеңісті жақындатқан еңбек ардагерлерінің біріАмангелді Раев.

«Мен де  тылда еңбек еткендердің өкшесін  басқан ұрпақтың бірімін. 10-11 жастан бастап, соғыстан кейін елімізді қалпын келтіру жұмыстары бойынша қолға алған бастамаға бастан аяқ қатысып, бес жылдықтың балғасын солқылдата соғып, еліміздің Тәуелсіздік алғанға дейін Кеңестік бастаманың бәрін көріп еңбек еттік. Десе де еңбегіміз сатусыз. Бүгінде Ұлы Отан Соғысының еңбек ардагерлері қатарындамыз»,-дейді кейіпкеріміз.

Амангелді Жақыпұлы 1938 жылы бұрынғы Новоресей, қазіргі Хромтау ауданында дүниеге келген. Әкесі Жақып Украина майданында болып, елге аман-есен оралған соң, Шуркудк кеңшарында жұмысшы бригадир болып еңбек етеді. Ал анасы Орынтай техникалық,  аспазшылық қызметтерін атқарған. Тыл еңбеккері, 3 баланың анасы. Тылдағы еңбегі үшін мерекелік төсбелгімен марапатталған.

Амангелді ағамыз отбасында 2 бала. Ол өзі  анасының қасында  жастайынан көп еңбек етіп, қиындық та көріп, шыңдалып жетіледі. Мектепте 9 сыныпты бітіргеннен кейін, Ақтөбедегі әскер алды автокөлік жүргізушілер мектебінде білім алады.

1957 жылдан бастап ауылында көлік жүргізуші болып жүрген жерінен 1958 жылы әскер қатарына шақырылып, Германияда Отан алдындағы борышын өтеп келеді.

1962 жылы Бадамшамен іргелес Жангелді кеңшарында автокөлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Дәм-тұзы жарасып, бұрынғы Бородиновканың қызы (қазіргі Қайрақты ауылы) Назтаймен отбасын құрады. Жұбайы да өз заманының еңбек адамы, сауыншы, ауылдағы балалар интернатында ұзақ жылдар бойы аспазшылық қызметтерін атқарады. Отбасында4 баланы тәрбиелеп өсіреді.

Кейіпкеріміздің қарпайым еңбегі де елеусіз емес. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, ҰОС-ғы «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыс зардабы ерте есейткен ардагеріміз бүгінде Бадамша ауылында тұрады. Төрт баласынан 9 немере, 8 шөбере сүйіп, оларға тілекші болып отырған қария.

Біз де еліміздің өркендегеніне куә болып отырған жайымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, елімізге Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Сол кезеңде еңбек еткендердің ащы терімен келді. Соны кейінгі жастарға үлгі етіп, сол бір қам көңіл жандардың  қадірін түсірмей, құрмет тұтса дегім келеді.

  Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі