ЧЕМПИОНМЕН КЕЗДЕСУ

Өткен аптада жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен волейболдан Қазақстан Республикасының спорт шебері, ұлттық құрама командасының ойыншысы, халықаралық жарыстардың қатысушысы және ауданымыздың мақтанышы Томирис Сағымбаевамен әсерлі басқосу өтті.
Шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары мен аудан жастары қатысты.
Кездесу барысында Томирис спорттағы өз тәжірибесімен бөлісіп, қол жеткізген жетістіктері мен өмір жолы, алдағы жоспарлары туралы баяндап берді.
– Бүгін сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Әрине, чемпион болу үлкен еңбекті қажет етеді. Сондықтан да мен волейболдан ҚР чемпионы, әлем және Азия чемпионаттарының қатысушысы ретінде спорттағы жетістікке тек табандылық пен еңбек арқылы жетуге болатынын айтып өткім келеді. Осы орайда болашақ спортшы жастарымызға алдына мақсат қоюға, денсаулықты нығайтуға және үнемі даму үстінде болуға шақырамын. Өйткені, спорт мені күшті әрі жігерлі етті, осы жолда табысқа жету үшін сенім мен тынымсыз жұмыс қажет,—деді чемпион Томирис Сағымбаева.
Шара соңында аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев спортшымыз Томирис Сағымбаеваға алғысын білдіріп, жастарға үлгі боларлықтай табысты тұлға екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай басқосулардың жастар саясатын дамытуда мән-мағынасының зор екендігін де тілге тиек етті.
Ең бастысы келелі жүздесуде жастар өздерінің толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптарын ала алды. Бұл іс-шара қатысушыларға шабыт беріп, олардың болашақта үлкен жетістіктерге қол жеткізулеріне себеп болды. Кездесу жылы атмосферада өтіп, әрбір қатысушы үшін ерекше әсер қалдырды.
Жұлдыз КЕНЖЕ