АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТКЕ-ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі.  Өйткені, олар жазғы аптап пен қысқы қытымыр шақта сәл нәрседен тұтанып, бой бермейтін тілсіз жаудың жолын кесіп, қауіптің алдын алу үшін уақытпен санаспай еңбек етеді. Міне осындай жауапкершілігі мол мамандықты меңгеріп, абыройлы еңбек етіп келгендердің бірі – Серікбай Бисенбайұлы.

                Осы орайда кейіпкеріміздің ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, әріптестері ыстық ықыласпен салтанатты түрде зейнеткерлікке шығарып салды.

Айта кететін болсақ, Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қарғалы ауданының ТЖБ №13 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі азаматтық қорғау старшинасы Серікбай Базарбаевтың зейнетке шығуына байланысты салтанатты іс-шара өтті.

Шараға ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Аслан Каркулов ұжымымен қатысты.

Бүгінгі күннің маңызы зор. Сондай-ақ, зейнет жасына жеткен әріптестерімізді зейнеткерлікке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі дәстүрге айналды. Ұжымымызда ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, қызмет барысында сіңірген еңбегі мен өрт сөндіру саласына қосқан елеулі үлесі үшін алғысымды білдіремін,-деген лебізін жолдады майор Аслан Каркулов.

Бөлім басшысы құттықтаудан соң Құрмет грамотасы мен естелік сыйлық табыс етті. Сонымен қатар, әріптестері иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Серікбай Бисенбайұлы өмірінің 25 жылын осы өрт сөндіру саласына арнаған жан. Ол бүгінде 3 баланың ардақты әкесі, аяулы жар, әріптестері арасында беделді, көпке үлгі боларлықтай ғұмыр кешуде. Өзі 1975 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Бадамша ауылында тұрады. Біздің ауданымыздағы Өрт сөндіру мекемесінде 2005 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Өзінің ауыр да жауапкершілігі мол қызметі барысында көрсеткен батыл әрекеттері мен еңбегі үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, медальдармен марапатталған.

Салтанатты шара соңында Серікбай Базарбаев ұжымдастары мен мекеме басшысына көрсеткен құрметтері үшін алғысын білдіріп,  әріптестерінің алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Бақыт ИМАШЕВ