Татулық пен тұтастық тірегі

облыстық халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл —еліміздегі бейбіт өмір мен ұлттар достығының, бірлік пен келісімнің баянды болуына зор үлес қосып келе жатқан маңызды институттың тарихи белесі. Ассамблея осы отыз жылдықта елдегі тұрақтылықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту бағытында айрықша еңбек сіңірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде ел ішіндегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау жолында атқарылар нақты міндеттерді атап көрсетті. Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы — тек этностар арасындағы қарым-қатынасты үйлестіруші ғана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді диалог алаңы. Оның басты миссиясы — ел ішіндегі береке-бірлікті сақтау.
Ассамблеяның сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдер мемлекеттік органдар тарапынан міндетті түрде ескеріледі. Мемлекет басшысы сессияда барлық өңірде жұмыс істейтін Достық үйлерінің қызметіне тоқталып, орындалуы керек нақты тапсырмаларды айтты. Мәселен, елімізде мыңнан астам этномәдени бірлестік шоғырланған. Президент осы орталықтарда ішкі және сыртқы туризм бағыттарын енгізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өңірлік әкімдіктер жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» мекемелері азаматтарды елдік маңызы бар істерге жұмылдыруда белсенді жұмыс атқарып жүргенін тілге тиек етті. Бұл құрылымдардың мақсат-міндеті — жұртшылықты ортақ іске біріктіріп, қоғамдағы ынтымақ пен тұрақтылықты нығайту. Мәселен, облыста халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымының бастамасымен бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асып келеді. Мемлекеттік тілді дамыту — біздің негізгі бағытымыз. Өңірде қоғам құрамында 650 бастауыш ұйым мен 115 мыңнан астам мүше бар. Олар тек тіл төңірегіндегі мәселелермен емес, жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайту ісімен де белсенді айналысады. Жуырда өткен Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысында этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту туралы ұсынысымызды жеткіздік. Бұл бастама қолдау тауып, еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде іске аса бастады. Бұл — ұлттық сананың жаңғыруына бағытталған нақты қадам. Біз алдағы уақытта мемлекеттік тіл саясатын іске асыруда аудан әкімдіктерімен тығыз байланыс орнатып, жастарды, тіл жанашырларын қоғамдық жұмысқа кеңінен тартамыз. Ақпараттық насихатты күшейтіп, қаржылық ресурстарды тиімді пайдалану арқылы жұмысымыздың ауқымын арттырамыз. Мемлекеттік тіл — тек қатынас құралы емес, ол — ұлттың ұйытқысы, елдің тұтастығының кепілі.

aqtobegazeti.kz