Мерекеде қандай іс-шаралар өтеді?

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова атаулы күндерге дайындық аясында облыста тарихи жадыны сақтауға және өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде концерттер, театрландырылған қойылымдар, патриоттық акциялар мен көрмелер ұйымдастырылатынын жеткізді.

Биыл 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келеді. Бұл күні 50-ден астам мәдени іс-шара өткізу жоспарлануда. Негізгі мерекелік іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алдындағы алаңда өтеді.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында 6 мамыр күні Өнер орталығында «Ер — еліне қорған!» атты мерекелік іс-шара өткізіледі. Сондай-ақ қала тұрғындары үшін Мәдениет үйлерінің алаңдарында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

7, 8, 9 мамырда Т.Ахтанов атындағы драма театрында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия» мюзиклінің премьерасы сахналанады.

Жеңіс күні Ұлы Отан соғысы батырларының ескерткіштеріне, оның ішінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды кешеніне, «Даңқ» обелискісіне және т.б. гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Сол күні кешке «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында «Жеңіс жалыны — жүректе» атты концерт өтеді. Сондай-ақ, тұрғын алаптары мен бірқатар алаңда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Алтынай Юнисова Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын мерекелеуге тоқталып, негізгі іс-шаралар маусым айында — аты аңызға айналған жерлесіміздің туған күнінде өтетінін айтты. 12 маусымда Әлияның туған жері — Қобда ауданында және 13 маусымда Ақтөбе қаласында өтеді.Қобда ауданының Әлия және Бұлақ ауылдарында құрметті қонақтардың, қоғам өкілдерінің, оқушылар мен жастардың қатысуымен мерекелік бағдарламалар өткізіледі. Сондай-ақ аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған гала-концерт ұйымдастырылады.

Мереке аясында Ақтөбеде Әлия Молдағұлова мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімі, мемориалды мұражай бойынша экскурсия және «Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумы өтеді. Бұл форумға Әлия Молдағұлованың туыстары, Қазақстанның халық артисі, «Әлия» әнін орындаушы Роза Рымбаева, Қырғызстанның халық артисі, «Әлия» рөлін сомдаушы актриса Айтуған Темірова, Ақтөбеден шыққан белгілі тұлғалар мен «Әлия» туралы шығармалардың авторлары және республика бойынша Әлия атындағы мектеп, музейлердің өкілдері келеді деп күтілуде.

Бұл күні «Әлия» мюзиклінің көрсетілімі қойылып, жергілікті әншілер қатысатын «Әлия-ғұмыр» гала-концерті өтеді.

— Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы — күнтізбедегі маңызды күн ғана емес, патриоттық тәрбие, тарихи жадыны сақтау және өскелең ұрпаққа үлгі көрсету тұрғысынан ерекше маңызы бар оқиға. Біз әрбір іс-шараға жауапкершілікпен қарап, оларды жоғарыдеңгейде өткізуіміз керек. Бұл — біздің тарих және болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз,— деді облыс әкімі.

Д.ҚАЗИХАН.