БІЗДІҢ МАҚСАТ — ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ

Елімізде 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап елеулі өзгерістер орын алып, мемлекетімізде «Әлеуметтік кодекстің» күшіне енуіне орай жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек мобильдігі» орталықтары болып қайта құрылды. Осылайша мекеменің филиалдары «Мансап орталығы» деген атаумен халыққа қызмет көрсетуде.
Жаһанданудағы технологияның қарыштап дамыған заманында электрондық базалар ылғи жаңартылып, жетілдіріліп, пысықталып отырады. Осы тұста Мансап орталығы жұмыссыз жүрген еліміздің азаматтары үшін табысты мансапқа жол табуға көмектесетін негізгі ресурс. Осы орайда мансап орталығының мақсаты қандай және ол қандай қызметтерді атқаратындығы жайында ауданымыздағы «Мансап» орталығының басшысы Саясат Спанмен әңгімелескен едік.
– Саясат Жеңісұлы, Қарғалы ауданының мансап орталығының еңбек нарығындағы жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?
Еңбек нарығы – бұл қазіргі экономикалық және әлеуметтік тенденциялардың көрінісі. Тұрақсыздық пен өзгеріс жағдайында не болып жатқанына тез бейімделе білу маңызды. Бұл Қазақстанның 2024 жылғы еңбек нарығының негізгі көрсеткіштері жұмыс берушілердің белсенділігі, жалақы динамикасы, ізденушілердің белсенділігін айқындап көрсетеді.
– Олай болса біздің ауданымыз бойынша жұмыс берушілердің белсенділігі мен ұсынылатын жалақы мөлшері қандай?
-2024 жылы enbek.kz платформасында 900-ге жуық белсенді жұмыс орындары орналастырылды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9% – ға көп. Жұмыс берушілердің ең үлкен белсенділігі тамыз бен қазан айлары аралығында болды, бұл алдыңғы жылдардағы маусымдық тенденцияларға сәйкес келеді. Белсенділіктің төмендеуі дәстүрлі түрде қыс айларында, желтоқсаннан қаңтарға дейін байқалды. Ауданымызда кәсіби салалар бойынша белсенді бос жұмыс орындары сату, тұтынушыларға қызмет көрсету еңбек нарығындағы жетекші позициясын сақтай отырып, 2024 және 2023 жылдары ең үлкен үлесті алды. Бұл осы мамандықтарға тұрақты сұраныстың дәлелі. Қаржы, бухгалтерлік есеп те маңызды үлесті алады, бұл қазіргі нарықтағы осы салалардың маңыздылығын көрсетеді. Қалған салалар периферияда аз үлестермен қалады, бұл осы секторлардың аз белсенді дамуын көрсетеді. Қазіргі таңда 12 бос жұмыс орындары жарияланып отыр, оның ішінде білім саласында – 2 (16%), денсаулық сақтау саласында – 1(8%), кәсіптік –техникалық мамандықтар бойынша – 4 (33%), қызмет көрсету саласы бойынша – 1(8%), білікті емес (жәй жұмысшы) мамандықтар бойынша – 4 (33%) орын бар. Ал енді аудан бойынша 2024 жылғы орташа ұсынылған жалақы 90 мың теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 21,0% – ға жоғары. Бұл көрсеткіш еліміздегі орташа жалақыға қарағанда объективті көрсеткіш болып қала береді, өйткені бұл жұмысшылардың жартысының алатын жалақы деңгейін көрсетеді.
-Ендігі кезекте өтініш беру (жұмыс іздеуші) қызметі жайына айтып өтсеңіз?
-2024 жылы белсенді түйіндемелер саны enbek.kz сайтында шамамен 1215 түйіндеме болды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті. Күтілетін орташа жалақы 150 мың теңгені құрады. Өтініш берушілердің ең үлкен белсенділігі жаз және күз айларында, шыңы шілде-қыркүйек айларында байқалды. Орташа есеппен бір бос орынға 2 адам үміткер екенін білдіреді. Бір жыл ішінде бәсекелестік 19%-ға өсті, бұл қол жетімді жұмыс орындарымен салыстырғанда жұмыс іздеушілер санының өскенін көрсетеді. Маусым, шілде және желтоқсан айлары ең көп бәсекелестікке ие айлар. Бұл маусымдық факторларға байланысты болуы мүмкін, мысалы, жазда мектеп бітіру және жылдың аяғында экономикалық баяулау. Ақпан-ең аз бәсекелестікке ие ай, бұл жұмыс берушілер жаңа бос жұмыс орындарын белсенді түрде ашатын қысқы мерекелерден кейін бизнес маусымының басталуына байланысты болуы мүмкін. Бүгінгі күнге аудан бойынша электронды еңбек биржасында 315 түйіндеме тіркелген, оның біліктілігі бар мамандықтарымен-29 (11,6%), біліктілігі төмен – 133 (42,0%) және біліктілігі жоқ мамандықтармен – 146 (46,4%).
Өз кезегінде, мансап орталығы тіркелген жұмыссыздарды жұмысшы мамандықтарға қысқа мерзімді курстарда оқыту арқылы қосымша мамандықтар ұсынады. 2024 жылы қысқа мерзімдік оқыту курсы қазандық операторы, тракторшы, сатушы, аспаз, наубайханашы мамандықтары бойынша болжамдық сұраныстары түсуіне байланысты, аталған мамандықтарға 48 жұмыссыз азаматтар жолданды. 2025 жылға тракторшы, сатушы, аспаз, наубайханашы, тігінші, электр газбен дәнекерлеуші мамандықтар бойынша 30 жұмыссыз азаматтарды оқыту жоспарлануда.
-Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Жұлдыз КЕНЖЕ