Мемлекеттік тілдің мәртебесі

Қазақ тілінің мәртебесі еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап біртіндеп көтеріліп келе жатыр. Оған түрлі жағдайлар жасалып, мемлекеттік деңгейде тиісті шаралар қабылдануда.
Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағындағы қоғамдық барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың тілінде жүргізіледі, әрбір азамат өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде сөйлеуді талап етуге, аудармашының тегін көмегін талап етуге құқылы.
Тіл тұғырының биікке көтерілгені – халық мәртебесінің жоғарылауы. Өз тіліңнің қадірін біліп, байлығым деп санасаң жеке мемлекет ішінде тіл мәселесі көтерілмес еді. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз мемлекеттік тіліміз ұлтымыздың көкке ұстар тірегі.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет, елімізде 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Қай ұлттың өкілі болмасын Қазақстанда тұрғаннан кейін, оны қасиетті Отаным деп мойындап, оның гүлденуі үшін қызмет етуі тиіс. «Бір халықпыз, өзгелерге үлгі-өнеге көрсететін ұлтпыз. Сонымен қатар Қазақстан мемлекеттің азаматы екенімізді жан-тәнімізбен түйсінсек, болашақ ұрпаққа Отан алдында жауапты екенін ұғындырсақ, тіл мәртебесін көтеріп, оның ішінде өзге тілдерге көлеңке түсірмей, тілін өркендетуге болады.
Соттағы ісін жүргізуге келер болсақ. Азаматтық іс жүргізу сотқа жүгінуші азаматтың арызымен тікелей байланысты, талап қою қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралады, іс жүргізу тілін білмейтін тарапқа аудармашы тегін қамтамасыз етіледі. Алайда, Азаматтық процестік кодекске сай, іс жүргізу тілі талап қоюшы мен жауапкердің жазбаша өтінішхаты негізінде өзгертілуі мүмкін екені белгіленген.
Көп жағдайда, талап қоюлар сотқа орыс тілінде түседі, оның бірден бір себебі Қарғалы ауданы облысымызда орыс тілді аудандардың қатарына жатады.
Аудан тұрғындарының басым бөлігі орыс тілін жетік меңгерген. Егер де, әр азамат сотқа жүгінерде қазақ тілінде арыз жазса, істі қазақ тілінде жүргізуді талап етсе, соттағы мемлекеттік тілдегі істердің саны артатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, сот қызметкерлері мен судьялар арасында мемлекеттік тіл тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар жарияланып, сұхбаттар беріліп отырады. Осы жасалып жатқан іс шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге өз септігін тигізіп отыр.
Барлығымыз өз еліміздің патриоты ретінде тіліміздің дамуын қолдасақ, оның мәртебесі асқақтай беретініне сенім мол.
Айман ФАЙЗУЛЛИНА,
аудандық сотының бас маманы,
сот отырысының хатшысы