Ақтөбе облысында «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» акциялары басталды

10 сәуір мен 5 маусым аралығында – балықтардың уылдырық шашу кезеңінде облыс аумағында балық ресурстарын, басқа да су жануарларын заңсыз аулау, өткізу, сатып алу және тасымалдау фактілерін анықтау, жолын кесу бойынша жұмыстар күшейтіледі. Сонымен қатар су айдандарын тасталған аулардан, жағалауларды қоқыстан және қалдықтардан тазарту жүргізіледі. Өңірде «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциялары өтіп жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім болды.
«10 сәуірден 10 мамырға дейін шортан, көксерке, берiш, аққайран, ақмарқа, қызыл көз, торта, алабұға, тұрпа, тарақ балықты аулауға тыйым салынады. 10 мамыр мен 5 маусым аралығында сазан (тұқы), мөңке, оңғақ, жайын, қызыл қанатты шұбар балық, айнакөз, табан балықтарын аулауға болмайды. Балық аулау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 100 АЕК-тен астам зиян келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан балықшыларды балық аулау ережелерін және балық ресурстарын пайдалануға белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға шақырамыз» – деді Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Береке Тоғаев.
Сондай-ақ, балықтардың уылдырық шашатын мезгілінде олардың тіршілік ету ортасын қорғап, көбеюіне жағдай жасау мақсатында «Таза су айдындары» акциясы өтіп жатыр. Аталған акцияға инспекция, табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқушылары, табиғат пайдаланушылар мен еріктілер қатысады. Акция барысында су айдындарын траулау, сондай-ақ жағалау аумағын тұрмыстық қоқыс пен қатты қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізіледі.