Ақтөбе облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «80 алғыс сөз» флешмобы басталды

Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған «80 алғыс сөз» атты патриоттық флешмоб бастау алды. Бұл игі бастама алғаш Шымкент пен Атырау облыстарында жүзеге асып, енді Ақтөбе өңірінде де жалғасын табуда.
Флешмобтың басты мақсаты – соғыс ардагерлеріне, тылда аянбай еңбек еткен ата-әжелерімізге алғыс айту, олардың ерлігі мен жанқиярлық еңбегін ұлықтау. Жоба аясында жастар ардагерлерге арнап жүрекжарды тілектерін айтып, «рахмет», «құрметтейміз», «есте сақтаймыз» сынды түрлі алғыс сөздерін көпшілікпен бөлісуде.
Игі бастаманы алғаш болып жастар қолға алғанымен, флешмобты тұрғындардың барлық буыны қолдап, белсенді түрде қатысып жатыр. Әлеуметтік желілерде #ҰлыЖеңіс, #ДеньПобеды, #80СловБлагодарности, #80летПобеде, #80АлғысСөз, #ЖеңісҮшінРақмет хэштегімен алғыс сөздер, бейнежазбалар мен суреттер кең таралып, көпшіліктің ықыласына бөленуде.
«Ұлы Отан соғысы басталғанда, жүрек қалауымен, Отанын қорғауға өз еркімен майданға аттанды. Украина мен Ленинград майдандарында пулемет взвод командирінің орынбасары болып шайқасты. 1942 жылы Ленин партиясының қатарына өтті. 1944 жылы тағы да көзсіз ерлік көрсетіп, екінші рет «Қызыл жұлдыз» орденін иеленді. Мен атамды мақтан тұтамын! Ұрпақтарына осындай бейбіт өмірді сыйлағаны үшін алғысымды білдіремін», – деп соғыс ардагерінің ұрпағы Серік Баттал әлеуметтік желіде өз ойымен бөлісті.
Бұл шара – кейінгі ұрпақтың өткенге тағзым етіп, ел үшін жанын қиған жандардың есімін ұмытпауға шақыратын тамаша мүмкіндік. Ақтөбелік жастардың айтуынша, «80 алғыс сөз» – тек сөз емес, ол жүректен шыққан шынайы ризашылық пен құрметтің көрінісі.
«Мен Ұлы Отан соғысына қатысып, батыр атанған – Маһсұм баласы Шаңғытбай атаммен мақтанамын. Ол қанды майданнан бір аяғынан айырылып оралса да, жігерін жасытпай, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған жан. Сондықтан атам мен үшін тек соғыс батыры ғана емес, төзімділік пен ерік-жігердің символы», – дейді жастар белсендісі Нұржан Шаңғытбаев.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай Ақтөбе облысы әкімінің өкімімен өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірнеше мәдени-танымдық және спорттық іс-шара ұйымдастырылуда.
Облыс тұрғындары Шымкенттен бастау алған флешмобты ары қарай Түркістан және Абай өңірлеріне жолдады.
Н.ДАБЫЛ.