«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҒЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап өз жұмысын бастады.
Жалпы айта кететін болсақ, елімізде жастар саясаты басым бағытқа ие. Осы орайда көптеген бастамалар мен жобалар өз жетісін беруде. Солардың бірі де бірегейі – «Жасыл ел» бағдарламасы.
Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» республикалық бағдарламасы биыл міне жиырмасыншы жыл өз жұмысын жалғастыруда. Осыған орай біз де жастарды еңбекке ерте араласуға үйретіп, өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беретін бұл жобаның биылғы мақсаты қандай екендігін аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанмен әңгімелесіп білген едік.
-Ең алдымен жалпы бұл жобаның мақсаты мен маңызы қандай?
– «Жасыл ел» бағдарламасы – ел жастарының белсенділігі мен бастамасының жарқын үлгісі. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының негізгі мақсаты – жазғы маусымдық кезеңде жастарды жұмыспен қамту, еңбекке баулу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мен өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту болып табылады. Ал маңызына тоқталатын болсам, табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, ең бастысы жастарды тәрбиелеп, еңбекке баулу. Сондықтан да осындай игі бастама еліміздің түкпір-түпкірінде қолдауға ие болып, жүйелі түрде жүзеге асуда.
-Олай болса бұл жоба біздің ауданымызда қалай жүзеге асуда?
–Бүгінде, республика деңгейіндегі бұл жобаға аудан жастары да белсенділік танытып, олар осы бағдарламаның іске асуына барынша атсалысуда. Сондықтан да, осы жалынды аудан жастарының көмегімен бұл бағдарлама ауылымыздың өркендеуіне елеулі үлес қосып, осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсетуде.
-Ендігі сауалымыз биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына ауданымыздан қанша жас қамтылмақшы және олар қандай тірлік атқармақшы?
-Жалпы биыл жыл бойына, яғни сәуір айынан бастап, қыркүйек айына дейін жоспар бойынша 50 жас қамтылуы керек. Ал енді олардың атқаратын жұмыстарына тоқталатын болсақ, олар тал-теректерді күту мен көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру және құрылыс жұмыстары секілді бағыттардағы қызметтерді атқаратын болады. Сондай-ақ, жастарымыз жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік алмақшы.
-Жастардың осы бағдарламаға деген ұмтылысы қалай? Қазір сәуір айында қанша жас еңбек етуде?
-Жастарымыздың ұмтылысы жаман емес. Десе де, айта кететін жағдай, бұл бағдарламаға жұмыссыз жастарды тартамыз. Бағдарламаның талабы мен мақсаты да осында. Ал жұмысссыз жастар ауданымызда жоқтың қасы деуге де болады. Сол себепті қазір «Көктем» шаруа қожалығына 4 жасты алдық. Олар әзірше осы сәуір айы бойы жұмыс жасамақ.
-«Жасыл ел» еңбек жасағына жастар қалай қабылданады және ауданымызда бүгінге дейін қанша жас қамтылды?
-Елімізде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып келеді. Жобаның жұмысы арнайы бекітілген техникалық ерекшеліктерге сәйкес ұйымдастырылып отыр.
Бағдарламаға қатысушы жұмыссыз жастар өз еркімен аудандық жастар ресурстық орталықтарына жүгіне алады. Сондай-ақ, олар өлкемізді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен қатар, түрлі тақырыптық іс-шаралар мен «Таза Қазақстан» экологиялық акцияларына да белсенді қатысатын болады. Сонымен қатар, 2013 жылдан бері ауданымызда еңбек жасақтарының маусымына 2000-ға жуық жас қатысып, жұмыспен қамтылған.
Әңгімелескен Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА