ОҚУШЫЛАР ҒАРЫШ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ ЖАСАДЫ  

12 сәуір – Адамзаттың ғарышты бағындырған күні. Сондықтан, 1968 жылдан бастап Халықаралық авиация федерациясы бұл күнді Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні деп бекітті. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні деп жариялады. Ғарышкерлерді дайындау ісі бұрынғы КСРО-да 1960 жылы, ал АҚШ-та 1959 жылы және 1962 жылы жүргізіле басталды. Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннен (1961) бастап ғарышқа төрт жүзден астам адам ұшқан. Олардың ішінде қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов бар.

Осы орайда Ұшқыштар күні аясында аудандық жастар ресурстық орталығы №2 Бадамша орта мектебінің 9-10 сынып оқушыларына «Ғарыш әлеміне саяхат» атты тақырыпта интеллектуалдық сайыс өткізді.

  Аталмыш шараның басты мақсаты – ғарыш кеңістігін игерудегі жетістіктерді қазіргі өмірмен байланыстыра отырып түсіндіру және де оқушылардың тарихи, ғылыми танымын кеңейту, білімділігін арттыру.  Сайыс барысында оқушылар екі топқа бөлініп, әр түрлі тапсырмалар орындап,  жұмбақтар мен викториналық сұрақтарға жауап берді. Шараны аудандық жастар орталығының  қызметкері Қымбат Тасымова жүргізді.

-Бұл сайысты өткізудегі басты мақсатымыз оқушыларымызға ғарыш әлемі жайында ақпарат беру, ғарыш әлемі және оның құпия сырларына деген қызығушылықтарын ояту, сондай-ақ, ғарышты бағындырған біздің елімізден шыққан ғарышкерлер жайында  кеңінен мағлұматтар беру. Нәтижесінде оқушылар «Сатурн» және «Юпитер» командалары болып сайысып, өздерінің білімдері мен  шапшаңдықтарын сарапқа салды,-дейді орталық басшысы Мейіржан Жұбан.

Шара соңында жеңімпаздар аудандық жастар ресурстық орталығының грамоталарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Қарғалы-АҚПАРАТ