ШАҢҒЫ ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Өткен аптада Жосалы ауылында шаңғы тебуден спорттық жарыс өтті.

Жарыс жастар арасында қысқы спорт түрлерін насихаттау және олардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараны аудандық жастар ресурстық орталығы мен Жосалы орта мектеп-балабақшасы бірлесе өткізді. Спорттық сайыс жастар мен жасөспірімдер арасында «Жосалы шаңғы жарысы» атаумен өтті.

Жарысқа барлығы 35 спортшы қатысты. Онда әрбір қатысушы өзінің жеке дара күшін сынап, спорттық шеберліктерін көрсете білді. Ер балалар 2 км, ал қыздар 1 км қашықтықта шаңғы теуіп, өзара бәсекелестік танытты Сондай-ақ, сайысқа қатысушылардың қатарында жаңадан келген жас спортшылар мен тәжірибелі қатысушылар да болды.

-Бұл жарыс спорттың қысқы түрлеріне ауыл жастарының қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Шаңғы тебуден шеберліктерін  шыңдауға ерлер мен қыздар қауымы белсенділіктерін таныта білді. Сонымен қатар, шаңғы спортына деген аудан жастарымыздың қызығушылықтары жылдан жылға артып келеді,-дейді ұйымдастырушылардың бірі М.Жұбан.

Осылайша, «Жосалы шаңғы жарысы» атты спорттық сайыста ерлер арасында үздік нәтиже көрсете білген Кирилл Мороз жүлделі І орынды, ал Андрей Мороз ІІ орынды, Денис Музыченко ІІІ орынды иеленді.

Қыздар арасында шаңғы тебуден үздік нәтиже көрсеткен Ксения Шмальц І орынды жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды Микаэла Парсегова еленсе, ІІІ орынды  Лаура Каиржанова қанжығасына байлады.

Спорттық шара соңында жеңімпаздар арнайы медальдармен, мақтау қағаздарымен және де бағалы сыйлықтармен марапатталды.

-Бұл шара жастарымыздың спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын көрсете білді. Жосалы шаңғы жарысы — жастар мен жасөспірімдердің арасындағы достық, спорттық рух пен денсаулықты сақтау жолындағы игі іс-шара болды, — деп атап өтті дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айдар Жамалов.

Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың еңбегі бағаланып, болашақта осындай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып, жастардың спортқа деген қызығушылығы арта түседі деп сенеміз.

Жұлдыз КЕНЖЕ