ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Өткен аптаның сенбі күні Петропавл ауылында ұстаз Әділет Қощиевті еске алуға арналған волейболдан ашық турнир өтті.

Әділет Рамазанұлының есімі ауылдастарының мәңгі жадында.

Өзінің аз ғана ғұмырында ғибратты ғұмыр кешіп, жас ұрпаққа дене шынықтыру және спорттың маңыздылығын түсіндіріп, оқушыларымызға спорттың негізін үйреткен қарапайым да еңбекқор ұстаз еді. Ол аталмыш ауылдағы Петропавл орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет жасап, өз ісінің білікті маманы ретінде өшпестей қолтаңбасын қалдырып кетті. Бүгінде көптеген шәкірттері оның үлгісімен түрлі спорт салаларында жетістіктерге жетіп, ұстаз арманын жүзеге асыруда.

Сондай-ақ, ұстаздық қызметімен қатар әркез қоғамдық іс-шараларға да белсенділік таныта білді. Атап айтар болсақ,  2020-2023 жылдар аралығында №251 сайлау учаскесінде төрағалық қызмет атқарып, сайлау процесінің ашық әрі әділ өтуіне зор үлес қосқан азамат еді.

«Жақсының ісі өлмейді, ізі өшпейді» демекші, саналы ғұмырында  өз елінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, аянбай еңбек еткен ардақты азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды.

Осы орайда  ардақты ұстаз Әділет Рамазанұлының дүниеден өткеніне 2 жыл толуына орай ауылдық спорт кешенінде волейболдан ашық турнир ұйымдастырылып өткізілді.

 

Ашық турнирге Бадамша, Әлімбет, Ащылысай, Қосестек, Ш.Қалдаяқов және Петропавл ауылдарының командалары қатысып, өзара бақ сынады. Тартысты ойын өрнегін көрсете білген спортшылар, ұйымдастырушылар тарапынан дайындаған арнайы кубок пен медальдарды ортаға салды.

-Бұл спорттық шараның мән-мағынасы зор. Турнир ауыл жастарының спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, оларды бір арнаға тоғыстырған маңызды іс-шара болды. Сондай-ақ, бұл тек спорттық жарыс ғана емес, жерлесіміз, белсенді жас ұстаз Әділет Рамазанұлының есімін ұлықтап, еңбегін дәріптеу мақсатындағы өткізілген игі бастама,- деп атап өтті аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.

Жарыс қорытындысы бойынша Петропавл орта мектебінің командасы жүлделі І орынды иеленсе, турнирдің қалған орындары да өзара талас пен бәсеке арқылы анықталды.

Осылайша, еске алу турнирінің соңында барлық қатысушылар мен командаларға алғыс хаттар мен дипломдар табыс етілді. Жарысқа қатысушылар мен қонақтар спорттың беретін қуаты мен рухани байлығын терең түсініп, мұғалімнің жарқын бейнесін еске алды.

Жұлдыз КЕНЖЕ