Адам құқығын қорғау — әрбір мемлекеттің басты міндеттерінің бірі
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Адам құқықтары саласындағы халықаралық келісімшарттардың толыққанды қатысушысы және өзіміздің ұлттық заңдарымызға халықаралық талаптарды жүйелі түрде енгізіп отырған мемлекет болып табылады.
Сонымен бірге біздің еліміз — халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс жасай отырып, ауқымды демократиялық және саяси реформаларды іске асырушы. Бұл реформалар — бәріміз жақсы білетін «Әділетті Қазақстанды» құру жолы. ОсылайшаҚазақстан Республикасы құқықтық мемлекет ретінде жылдан-жылға құқықтық реформаны күшейте келе, адам құқықтарының бұлжымастығын, мемлекет тарапынан кепілдігін нығайтып келеді.
2021 жылдан бері қарай елімізде кезең-кезеңімен Адам құқықтары саласында жоспарлы шаралар іске асырылып жатыр және еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге бағытталған өзінің белсенді қызметін жалғастыруда.
Азаматтардың шағымдарымен жұмыс, жабық мекемелердегі мониторинг, тұрғындарды құқықтық ағарту шаралары, заңнамаға өзгерістер енгізу сияқты бағыттарда Уәкіл, оның өңірлердегі өкілдері, орталық аппарат тұрақты жұмыстануда және Ақтөбе облысы бойынша өкілдіктің атқарып отырған жұмыстары өңір тұрғындарының көз алдында, ашықтық, жариялылық принципіне негізделіп жүргізілуде.
Уәкілдің Ақтөбе облысындағы өкілі болып Аққалқа Байдуллина екі жылдан астам қызмет етуде. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, «Е-өтініш» платформасы арқылы белсенді жұмыс жүргізіп отырған өкілдік осы мерзім аралығында Ақтөбе өңірі тұрғындарына танымал болды және бірқатар адамдарға өз құқықтарын қорғауда көмек қолын созған құрылымға айналуда.
Өткен жылы Уәкіл кеңсесі өз қызметінде бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізді: өтініштер саны айтарлықтай өсті, бұл тұрғындар тарапынан сенімнің артқанын көрсетеді, келушілер саны да көбейіп, құқықтық ағарту жұмыстары жанданып, жүйелі жолға қойылды.
Уәкіл кеңсесі заңдылық, теңдік, объективтілік, ашықтық сияқты мызғымас қағидаттарды ұстанады және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық береді.
Өткен жылы Уәкіл кеңсесіне 6,5 мыңнан астам өтініш түсті, бұл 2023 жылғы көрсеткіштерден 11 пайызға артық. Өтініштер санының өсуі азаматтардың омбудсменді өз құқықтарын қорғаудың нақты тетігі ретінде қарайтынын көрсетеді.
Өтініштерді қарау аясында 94 лауазымды тұлға тәртіптік, 5-еуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Уәкіл өкілдерінің көмегімен 4 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша өкілдің қызметі нәтижесінде адам құқықтарын бұзған 30 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 қылмыстық іс қозғалды.
Уәкіл жұмысының тағы бір маңызды бөлігі — түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың құқықтарын қорғау.
Сотталғандардан түскен шағымдардың басым бөлігі тұрмыс жағдайының нашарлығы, медициналық көмектің көрсетілмеуі, мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру туралы өтініштерді қанағаттандырудан бас тартуға қатысты.
Осы өтініштерге жауап ретінде Уәкіл мен оның өкілдері бас бостандығынан айыру орындарындағы ұстау жағдайларына мониторинг жүргізді.
Жалпы, жыл бойына Уәкіл мен оның өкілдері 770 мекемені, оның ішінде қылмыстық-атқару мекемелерін, әлеуметтік нысандарды және білім беру ұйымдарын аралады. Нәтижесінде 1014 ұсыным беріліп, оның 81 пайызы орындалды. Бұл мемлекеттік органдармен сындарлы өзара әрекеттестік пен олардың жауапкершілігінің артқанын көрсетеді.Оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша өкіл түрлі жабық мекемелерге бару нәтижесінде мемлекеттік органдарға170 ұсыным беріп, оның 157 ұсынымы толығымен орындалып, адам құқықтары қорғалды.
Азаматтарды жеке қабылдаулар Уәкіл жұмысының тағы бір маңызды бөлігі болып табылады.
2024 жылы 2,7 мыңнан астам қабылдау өткізіліп, омбудсмен Артур Ластаев өзі 100-ден астам адамды жеке қабылдады. Ақтөбе облысы бойынша өкіл 168 адамды жеке қабылдады.
Осы кездесулер барысында құқықтық көмек көрсетіліп, 21 пайыздан астам жағдайда азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді. Бұл халықпен тікелей өзара әрекеттесу проблемаларды шешудің тиімді жолдарының бірі болып қала беретінін растайды.
2024 жылы құқықтық тәрбие жұмысына көп көңіл бөлінді. Офлайн және онлайн оқыту шаралары 300 мыңнан астам адамды қамтыды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың бастамасымен Қазақстанның бірқатар өңірінде «Құқықтық сағат» өтті. Осы іс-шара аясында Уәкіл құқықтық ағарту мақсатында тұрғындардың әртүрлі санаттарымен онлайн кездесулер ұйымдастырды.
«Құқықтық сағатқа» Уәкілдің өңірлік өкілдері белсенді атсалысты. Артур Ластаев Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының, сондай-ақ Ұлытау өңірінің тұрғындарымен әңгімелесті. Жиынға жоғары сынып оқушылары, студенттер, кәсіпорын, медицина қызметкерлері, ардагерлер, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері — барлығы 15 мыңнан астам азамат қатысты.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтары туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде таратылып, халықтың құқықтық хабардарлығын арттыруға ықпал етті.
Омбудсмен Артур Ластаев соңғы екі жылда Үкіметке бірқатар маңызды заңнамалық бастамалар енгізді. Сондай-ақ ол Үкімет пен мемлекеттік органдарға жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған 10-ға жуық бастама көтерді.
Олардың қатарында оқшауланған сотталғандардың жоғары білім алуына мүмкіндік беру, облыс орталықтарында көп бейінді колониялар салу, сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсарту және қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды қоғамға бейімдеу мақсатында заңнамаға өзгертулер енгізу бар.
Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың мәжбүрлеп некеге тұру мақсатында адамды ұрлау үшін жауапкершілікті белгілеу туралы бастамасы қазіргі уақытта қаралу сатысында. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне адамды некелесу мақсатында ұрлаған қылмыскерді өз еркімен босатқан жағдайда да оны қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігін жоққа шығаратын арнайы бап енгізу арқылы жазаны қатаңдату ұсынылды.
Көпсалалыколониялар салу мәселесі де қарастырылуда. Мұндай мекемелерді салу қажеттілігі қазіргі уақытта түзеу мекемелерінің ірі елдімекендерден шалғай орналасқандығына байланысты. Бұл олардың қажетті тұрмыстық жағдайлары мен кадрлармен қамтамасыз етілуіне кері әсерін тигізеді, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қиындатады, медициналық қызмет көрсетуді тежейді. Сондай-ақ сотталғандардың туыстарымен байланысын шектейді.
Осыған байланысты Артур Ластаев Үкіметке барлық санаттағы жазаланушылардың ерекшеліктері мен қажеттіліктерін қанағаттандыратын ұстау жағдайларын қамтамасыз ете алатын көпсалалы аралас қауіпсіздік мекемелерін салу туралы ұсыныс енгізді. Тұжырымдама өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар, кәмелетке толмағандар, әйелдер, оның ішінде балалы аналар және басқалар үшін бөлек блоктары бар колониялар құруды көздейді.
Тағы бір маңызды бастама омбудсменнің шетелді казаматтарды экстрадициялау, яғни шет мемлекетке беру кезінде баламалы алдын алу шараларын енгізуге бағытталған заңнамалық ұсынысты енгізуі болды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес шетелдіктерді экстрадициялау туралы істерді қарау кезінде тек уақытша ұстау және экстрадициялық қамауға алу қолданылады. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, балама шаралардың болмауы үнемі ақтала бермейді және заң алдындағы теңдік қағидасын жиі бұзады.
Қазіргі уақытта Қылмыстық іс жүргізу кодексінде шет мемлекеттерде іздеуде жүрген тұлғаларға балама шара ретінде кепілді қолдану мүмкіндігін белгілейтін жаңа бап ұсынылды. Заң жобасы қазірдің өзінде Парламентке жіберіліп, талқылау сатысында.
Осы және басқа да бастамалар құқық қорғау институтының халықтың барлық топтары үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясын көрсетеді.
Қазақстан Республикасындағы
Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің
Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі