КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ
«AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы «Құқықтық көмек» жобасы аясында елді мекендерді аралап, көшпелі қоғамдық қабылдау өткізуде.
Осы орайда өткен аптада жұмыс тобы іссапармен біздің өңірімізде болып, аудан орталығы Бадамша мен Қосестек ауылдық тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті.
Қоғамдық қабылдауға партияның облыстық филиалының заңгері Гүлсім Құлжабаева, әділет департаментінің жетекші маманы Мейіржан Тоғызбай, аудандық мәслихаттың төрағасы Сапарбек Аманжолов, нотариус Ерлан Айтпаев қатысып, азаматтардың талап-тілектерін тыңдады. Тұрғындар өздерін толғандыратын әр түрлі мәселелерімен арнайы мамандарға жүгініп, тегін құқықтық көмек алды.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар әлеуметтік мәселелер, оның ішінде тұрғын үй, несиелік қарыз, т.б. маңызды жағдайларға қатысты шешім таппай жүрген сұрақтарымен заңгердің кеңесіне жүгінді.
Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауда заңгерлік көмекпен қатар тұрғын үйге құжат ресімдеу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оған қоса екі қолға бір күрек таппай жүрген тұрғындарға аудандағы бос жұмыс орындары туралы да ақпараттар берілді.
— Жалпы «Құқықтық көмек» жобасының маңызы зор. Жобаның мақсаты-тұрғындарымыздың құқықтық сауаттылығын артыру, оларға заңгерлік кеңестер беру мен тегін көмек көрсету. Сондай-ақ, қарапайым халықтың өтініштерін жедел әрі оңтайлы шешуге ықпал ету. Осы мақсатта былтыр қоғамдық қабылдауға 308 адам келіп, көмек сұрады. Оның 207-сі оң шешім тапса, 101 адамға заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Келушілердің дені тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй-коммуналдық сипаттағы өтініштермен жүгінді. Бұл қабылдауға да келген тұрғындар саны аз болмады,-дейді «AMANAT» партиясы Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетіле бермек.
Қарғалы-АҚПАРАТ