2024 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,8% құрады — Олжас Бектенов
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов 2024 жылдың негізгі нәтижелері туралы баяндады.
Атап айтқанда, экономика 4,8%-ға өсті. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% деңгейінде өсімге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға дейін артты.
Аграрлық сектор мен өңдеуші салады соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді. 26 млн тоннадан астам астық, 3 млн тоннадан астам майлы дақыл жиналды. 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді.
Өңірлерге шаққанда өткен жыл қорытындысы бойынша ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары және Астана мен Шымкент қалаларында тіркелді.
Ауқымды құрылыс жылы: Премьер-министр жаңа зауыттар, тұрғын үй және инфрақұрылым туралы мәлімдеді
2024 жылы елімізде 29 ірі зауыт салынды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов баяндады.
Мысалы, Қостанай облысында шойын құю, Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар, Шымкентте бағалы металдарды өңдеу, Қарағанды облысында катодты мыс, автомобиль шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын өнеркәсіптік нысандар салынды. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оның моноқалалар санатынан шығуына мүмкіндік берді.
Сондай-ақ алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау нысаны, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2,8 мың шақырым теміржол жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында 3 жаңа терминал пайдалануға берілді.
Қосымша 300 мыңнан астам адам газбен қамтылып, 200 мыңнан астам адам орталық су жүйесіне қосылды. 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделді. Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр қуатын өндіру көздері іске қосылды.
Қазақстанда 80 су құбыры жаңартылып, су үнемдеу технологияларын пайдалану артты
Премьер-министр Олжас Бектенов су ресурстарын тиімді пайдалану және Қазақстан ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қолдау жұмысы туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндады.
Оның айтуынша, егіншілер суармалы сумен толық көлемде қамтамасыз етілген. Арал теңізіне 2,6 млрд текше метр су жіберілді. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір жоғары.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есе артып, 470 мың гектарды құрады.
Локализациялауды арттыру және жаңа зауыттар: Қазақстан отандық өндірісті дамытуға басымдық береді
2024 жылы Қазақстан Үкіметі отандық тауар өндірушілерді қолдауға басымдық берді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов баяндады.
Қазақстандық тауар өнідрушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесі 4,5 мың атауға дейін – яғни, 3 есеге ұлғайтылды. Реттелетін сатып алулар аясында жалпы құны 1 трлн теңге болатын ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттар жасалды.
Өз кезегінде тауар өндірушілер кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға, өндірілетін тауар сапасын арттыруға, еңбек жағдайын жақсартуға, локализациялауды тереңдетуге міндеттеледі. Мысалы, автокөлік өндірушілердің локализациялауды биыл үштен бірге дейін, ал 2027 жылға қарай жартысына дейін арттыруға міндеттелді.
Премьер-министр сырттан келетін тракторлар мен комбайндарға берілетін субсидиялардан бас тартуды маңызды шешім деп атады. Бұл қазақстандық зауыттар өнімдеріне тапсырыстардың артуына ықпал етті.
Жұмысшы мамандықтары жылы: Премьер-министр өнеркәсіп кәсіпорындары мен техникалықмамандарды қолдау туралы баяндады
Қазақстанның ірі өнеркәсіп кәсіпорындары шағын және орта бизнес үшін маңызды мүмкіндіктерге айналуда. Оларды қолдау ел Үкіметі үшін басым бағыт болып қала береді.
Премьер-министр атап өткендей, өндіріс қуаттарының кеңеюі техникалық мамандарға сұранысты арттыра түседі.
Жарияланып отырған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде Қазақстан Үкіметі кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға және техникалық мамандықтар беделін көтеруге назар аударады.
Қазірдің өзінде сұранысқа ие мамандар үшін жеңілдетілген ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды. Бұл еңбек және тұрмыс жағдайларын жақсартуға, салаға жаңа мамандар тартуға көмектеседі.
Еліміздегі 20 ЖОО базасына жасанды интеллект бойынша мамандар даярлау бағдарламасы енгізілді
Қазақстанда 20 жоғары оқу орнының базасында жасанды интеллект бойынша мамандар даярлау қолға алынды. Бұл туралы Прездиент қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр мәлімдеді. Бұдан бөлек, Олжас Бектеновтің айтуынша, елімізде «Болашақ» бағдарламасы аясында жеке квота енгізілген.
Айта кетейік, бұл бағытқа Қазақстан басшылығы ерекше көңіл бөліп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Сондай-ақ «AI-Sana» бағдарламасы енгізілді. Оның аясында биыл 100 мың студентке экономиканың түрлі саласына ЖИ енгізу бойынша қолданбалы дағдылар оқытылады.
Astana Hub табысты стартап-жобалар дайындайтын тиімді алаңға айналды. Бүгінде онда өнімдерін әлемнің түрлі еліне экспорттайтын 1,6 мыңға жуық IT-компания тіркелген.
Елімізде 217 жайлы және 200 тірек мектеп желісі құрылуда
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов білім, ғылым және денсаулық сақтау саласындағы негізгі жетістіктер мен жоспарларды атап өтті.
Мәселен, 217 жайлы және 200 тірек мектептен тұратын үүздік білім ошақтарының желісі құрылуда. Негізгі міндет – озық тәжірибені тарату арқылы еліміздің барлық жалпы білім беру мекемелерінде білім сапасын кезең-кезеңімен теңестіру.
Сондай-ақ 2025 жылы кәсіптік-техникалық білім беруде басқа оқу орындары үшін негізгі ресурстық орталықтарға айналатын 10 технологиялық көшбасшы колледж құру жоспарланып отыр. Бүгінде Қазақстанда шетелдік университеттердің 23 филиалы жұмыс істеп жатыр, биыл тағы 11 филиал ашылады.
Университет ғылымын дамыту және коммерцияландыру ісіне баса назар аударылуда. Мысалы, Сәтбаев университетінде Kazakhmys корпорациясының тапсырысы бойынша таза селен алудың жаңа тәсілі әзірленді. Ол медицина, электроника және басқа да жоғары технологиялық салаларда кеңінен қолданылуда. Назарбаев университетінің базасында тірек-қимыл жүйесі зақымданған адамдарды оңалтуға арналған экзоскелет өндірісі белсенді дамуда. Қажетті сертификаттарды алғаннан кейін өндіруші Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тапсырыстармен қамтамасыз етіледі.
«Медициналық қызметтер сапасы мен қамту деңгейін арттыру бағытында жұмыстар жалғасуда: бала шетінеуі 6,7%-ға, ана өлімі 11,4%-ға азайды. Ауруды ерте диагностикалау үшін скринингтік тексерулермен қамту деңгейі бір жылда 38%-ға кеңейтілді. 2,8 млн адам онкологиялық скринингтен өтті. Нәтижесінде, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін 3,5%-ға төмендетуге қол жеткізілді», — деді Премьер-министр.
Сондай-ақ қазақстандық ғалымдар онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жаңа препарат жасап шығарды. Қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың екінші кезеңі жүріп жатыр. Препарат жыл соңына дейін тіркеледі деп жоспарланған.
Олжас Бектенов мұнай және көмір химия өнеркәсібінде ауқымды жобаларды іске қосу жоспарлары туралы баяндады
Биыл Қазақстанда ел экономикасы үшін маңызды ірі инвестициялық бірқатар жоба жүзеге асырыла бастайды.
ҚР Президентінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Премьер-министр айтқан ақпаратқа сәйкес, құны $7,4 млрд болатын полиэтилен зауыты салынады деп күтілуде. Қазақстанның Даму банкінің қолдауымен Павлодар облысында алкилат шығаратын кәсіпорын салынады.
Сондай-ақ «Qarmet» АҚ жылына 200 мың тас көмір шайырын қайта өңдеу жобасын іске асыруға кірісті. Жалпы құны $262 млн болатын жоба аясында көмір химиясы өнімдерінің 15 түрін шығаруды көздеп отыр. Сонымен қатар қытайлық China Energy компаниясы еліміздің экономикасына инвестиция құюға қызығушылық танытып, көмірді терең өңдейтін зауыт құрылысына $4 млрд салуды жоспарлап отыр.
Қазақстанда құны $1 млрд болатын мыс балқыту зауыты іске қосылады
Тау-кен металлургия саласын дамыту аясында Абай облысында құны $1 млрд болатын мыс балқыту зауытының құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысумен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның сөзінше, кәсіорынның қуаттылығы экспортқа шығарылатын мыс концентратын толықтай өңдеуге мүмкіндік береді.
«Qarmet» акционерлік қоғамы кезең-кезеңмен жоғары деңгейде өңделген сапалы металдар шығару, оның ішінде автомобиль жасауға қажетті болат өндіру көлемін ұлғайту үшін кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Өткен жылдың өзінде компания автокөлік, және вагон құрастыруда, сондай-ақ тұрмыстық техника өндірісінде қолданылатын 25 мың тонна қоспалы болат өндірді.
Еліміздің курортты аймақтарында 3 әуежай салынады
Қазақстанда танымал демалыс орындары үшін жаңа әуежайлар салынады. Бұл туралы Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинетінің басшысы баяндады. Бектеновтің мәлімдеуінше, авиациялық инфрақұрылымы бар ұшу-қону жолақтары Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі аймақтарында салынады. Осылайша, үш курорттық аймақтың туристік әлеуетін толық ашу жоспарлануда.
Бұдан басқа, көлік-логистикалық әлеуетті ашу мақсатында Ақтауда әуе хабын құру жобасы пысықталуда, «Мойынты – Қызылжар» теміржол желісі, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» учаскесінің екінші жолдары құрылысы басталады. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолы мен Алматы қаласының айналма жолы құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Қазақстанда тақтатас мұнайы өндіріле бастайды
Елімізде биыл алғашқы қазақстандық тақтатас мұнайы өндіріледі деп күтілуде. «Қара алтынға» деген жоғары сұранысты ескере отырып, бұл жобаны іске асыру айтарлықтай коммерциялық әлеуетке ие. Атап айтқанда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Олжас Бектенов оны өндіру мұнай-газ саласына инвестициялар тарту үшін қосымша серпін беретінін мәлімдеді.
Сонымен қатар биыл шикізат қоры шамамен 19 млрд м3 газды құрайтын «Батыс Прорва» және «Барханная» кен орындарында газ өндіру басталады.
Мемлекеттік аппарат шығыстары 410 млрд теңгеге қысқартылды
Қазақстан Үкіметі мемлекттік шығыстар тиімділігін арттырып, бюджет тәртібін нығайту аясында қаржыны пайдалануды қатаң бақылауға алды.
Мысалы, цифрлық құралдарды енгізу арқылы әлеуметтік саладағы бюджеттік қаражатты игеру реттелді. Атап айтқанда, балабақшаларды қаржыландыруда ашықтық қамтамасыз етілді. Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында мектепке дейінгі білім берудің ваучерлік жүйесі пилоттық режимде іске асырылып, 20 млрд теңге үнемделді. Биыл жыл соңына дейін бұл жүйені бүкіл ел аумағына тарату жоспарланып отыр.
«Әлеуметтік әмиян» да атаулы мемлекеттік қолдауды күшейту құралына айналуда. Сол арқылы балалардың тамақтануы мен мұқтаж жандарға арналған дәрі-дәрмектер үшін төлем жүргізіле бастады.
Бұдан басқа, ағымдағы шығыстар, оның ішінде имидждік іс-шаралар және іссапар төлемдері 410 млрд теңгеге қысқартылды.