МАЛ ҚЫСТАТУ КЕЗЕҢІ БАҚЫЛАНУДА
Қылышын сүйретіп қыс та келді. Сондай-ақ, мал қыстатудың маңызды кезеңі де басталып кетті. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін қыс мезгілінде алаңсыз, бей-жай отыруға болмайды. Өйткені, малдың қыстайтын жері мен қысқы азығының жеткілікті деңгейде болуының маңызы зор.
Әдетте халқымыз «мал-жан аман ба?» деп алдымен төрт түліктің амандығын түгендеп жататыны рас. Бұл жерде «малды» «жаннан» бұрын қойып сөйлеудің мәні зор. Өйткені, ертеден мал баққан біздің халқымыз үшін мал шаруашылығы күн көрiс көзi болса керек.
Осыған орай айта кететін болсақ, біздің өңірімізде де ауыл шаруашылығы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Оның ішінде мал шаруашылығының орны ерекше. Мал шаруашылығы-ауыл шаруашылығының мал өнімдерін өндіру үшін мал өсірумен айналысатын саласы.
Көктемде дала жұмыстарына дайындықты бастап, жазда мал азығын егіп, күннің ыстығына қарамай суарып, күзде малдың қысқы азығын жинауға жанталасады. Ал қыс мезгілінде мал қыстату кезеңі басталады. Қалай болғанда да жылдың төрт мезгілінде олардың бабын табу оңай шаруа емес.
Осы орайда ауданымыздағы жұмыс тобы мал қыстату кезеңінің өту барысын қадағалау мақсатында ауылдық округтердегі қыстақтарды аралап, шаруалармен кездесіп, мән-жайды бақылады.
Нақтырақ айтар болсақ, аталмыш мақсатта аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадақовтың төрағалығымен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Тәженов және де тиісті аймақтағы ауылдық округ әкімдерімен бірге қыстақтарда орналасқан шаруашылықтарға барып, олардың қысқа дайындығын бақылап, толғандыратын мәселелерін тыңдады.
Осылайша, арнайы жұмыс тобы ең алдымен Кемпірсай ауылдық округіне қарасты Қарабұтақ қыстағында болып, ондағы «Асылхан», «Асылбек» шаруа қожалықтарының мал қыстату кезеңінің өту барысымен танысты. Аталған шаруашылықтарда 190 бас ірі қара, 290 бас ұсақ жандық, 39 бас жылқы малы бар. Шаруашылық басшыларының айтуынша, қажетті жем-шөппен қамтылып, мал жайылымға шыққанға дейін жеткілікті екен.
Одан соңғы іссапар Әлімбет ауылдық округінде жалғасты. Округке қарасты Бөгембай қыстағында орналасқан «Колос» және «Илья» шаруа қожалықтарына барып, қысқы кезеңнің дайындығы жайынды қожалық иелерімен сөйлесіп, ахуалды бақылады. Аталған шаруашылықтарда 321 бас ірі қара, 250 бас ұсақ жандық, 70 бас жылқы және 101 бас шошқа бар. Екі шаруашылық басшыларының айтуынша, қысқа жинаған мал азығының қоры жеткілікті, алаңдатарлықтай мәселе жоқ.
Мал қыстату – төрт түлікті қыстан қысылмай алып шығу ғана емес, төл мен мол өнім алудың да маңызды науқаны. Сол себепті де мал қыстату кезеңіне байланысты жұмыс тобы шаруашылықтарды аралап, олардың жайын бақылауда.
Жұмыс тобы Степной ауылдық округінде де болып, ондағы Қой ауыл, Қайрақтысай, Мамыт қыстақтарын аралады. Қыстақтардағы 1300 бас ұсақ жандық, 130 бас ірі қара, 110 бас жылқы қысқы қораға тұрақтаған. Кездесуде шаруашылық басшыларымен әңгімелесіп, мал азығының қоры мен қажетті отын туралы мәселелер анықталды.
Бұл іссапар аясында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Тәженовтің пікірін білген едік.
— Қыс мезгілі келісімен төрт түлігімізді қолға ұстап, мал қыстату кезеңі басталады. 2024-2025 жылдарға мал қыстату кезеңіне қажетті мал азығын дайындау жұмыстары бойынша шаруашылық құрылымдарына қажетті бір жарым жылдық мал азығын дайындау бойынша 108,3 мың тонна жоспары берілді. Қажетті мал азығы тиісті көлемде дайындалып, қыстақтар мен жұртшылыққа тасымалданып алынды. Айта кететін болсам, бүгінде аудан аумағында барлығы 14 қыстақ бар. Қазіргі таңда мал қыстату кезеңі аудан бойынша бірқалыпты өтіп жатыр. Науқан алдында қысқа малды ауылдар отын-суларын әзірлеп, бірсыпыра дайындықпен келді. Қажетті азық-түлігін қамдап алды. Сонымен қатар, қазір ауа–райы да қаралайсып тұр. Десе де, арнайы жұмыс тобы ауданға қарасты барлық елді мекендерді аралап, олардың мән-жайымен таныспақшы. Осы мақсаттағы сапарымыз Кемпірсай, Әлімбет және Степной ауылдық округтерінде болып, енді алдағы уақытта Қосестек және Велихов ауылдық округтеріндегі қыстақтарда жалғасатын болады,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Қыстақтардағы шаруашылықтарға іссапар барысында, отын қоры мен мал азығы қоры науқан соңына дейін жеткілікті екендігі анықталды. Бұл алдын-ала атқарылған шаралардың нәтижесінде мал қыстату науқаны қалыпты өтіп жатыр.
Дегенмен де, табиғаттың тылсым құбылысына шектеу жоқ. Сондықтан да қыстың көзі қырауда демекші, бұл мезгілде малдың амандығын ойлап, қандай жағдайға да дайын болған жөн. Аяқ асты оқыс мінез таныта салатын қыста жайбарақаттыққа жол бермек керек.
Қар қарашадан бастау алып, ерте түскенімен, үскірік аяз бен ақ түтек боран орын алған жоқ. Расында, шаруаларға ауа-райы да қарайласып тұр. Десе де, қыстың аты-қыс. Тосын мінез танытпай қоймайды. Сондай-ақ, қашаннан қыстың күші – қаңтар мен ақпан деп бекер айтпаса керек. Өйткені, бұл екі айдың алды – ақшұнақ аяз болса, соңы – алай-дүлей боран. Алайда табиғаттың мінезін адам алдын ала болжай алмайды. Сол себепті де, мал қыстату кезеңіне сақадай сай болғаны шаруалар үшін маңызды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА