Мәдениет саласының мәртебелі маманы
Мәдениет ошағы- ауылдың рухани айнасы. Ал ауыл — мәдениеттің бастауы. Олай болса, ауылдық клубтардың басты міндеті — тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуде, халыққа заманауи үлгідегі мәдени қызмет көрсету және рухани мәдениетпен сусындату.
Біздің кейіпкеріміз еңбек жолын адамдардың тән жарасынан арылту мамандығынан бастап, мәдениетке бет бұрып, осы салада облыс көлемінде танылған Петропавл ауылдық клубының меңгерушісі, мәдениет саласының мәртебелі маманы атанған — Балапан Сарсебаева жайлы сыр шертпекпіз.
Балапан Қожакелдіқызы отбасындағы 10 перзенттің ортаншысы. Бүгінде бауырларының бәрі әр салада еңбек етуде. Әкесі Шалқар қаласынан Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылына қоныс аударып келгеннен кейін, 2004 жылы дүниеден озады. Анасы Райса Нұғыманқызы алтын құрсақты батыр ана. Бүгінде 10 баладан 28 немере, 43 шөбере, 1 шөпшек сүйіп, бейнеттің зейнетін көріп отырған заманының нағыз еңбек адамы. Ал енді кейіпкеріміз Балапанның өмір жолын парақтар болсақ, ол 1964 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген. 1971 жылы сол жердегі Ідіріс Үргенішбаев атындағы №496 орта мектептің алғаш табалдырығын аттап, оны 1981 жылы бітіріп, үлкен өмірге жол тартады. Сол жылы Ақтөбе медициналық училищесіне оқуға түсіп, медбике мамандығын меңгеріп шығады.
Сөйтіп, ол 1983 жылы алғашқы еңбек жолын Шалқар аудандық ауруханасындағы хирургия бөлімінде медбике болып бастайды. Одан соң Ембі кентіне қоныс аударуына байланысты 1985-1987 жылдар аралығында осындағы аурухананың хирургиялық бөлімінде медбике болып қызмет жасайды. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласындағы «Жедел медициналық жәрдем ауруханасында» еңбек етіп жүрген тұста, отбасы жағдайына байланысты, өзіне құтты мекен болған Желтау ауылдық округінің орталығы Петропавл ауылына қоныс аударады. Міне, сол жаңа өңірге қоныстағаннан соң, 1998 жылдан бастап, қарапайым медбикенің өмір жолы басқа арнаға ауысады.
Олай деуіміздің себебі, кейіпкеріміз Балапан медбикеліктен, мемлекеттік қызметке қадам басады. Осы орайда оқырманға медбикенің мемлекеттік қызметке ауысуы әртүрлі ой салуы мүмкін. Оның еш құпиясы жоқ «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, Балапанның ізденісі алдына қойған мақсатына жетуіне септігін тигізгені сөзсіз. Өйткені, ол мемлекеттік қызметшілерді даярлау курстарынан өтіп, сертификатын алған білікті маман. Осылайша, 2000-2010 жылдар аралығында Желтау ауылдық округі аппаратында іс-қағаздарын жүргізуші маманы болып қызмет жасайды. Бұл қызметте жүріп, жұмысқа деген жауапкершілігі мен іскерлігінің арқасында өзін жан-жақты көрсете білген маманға, 2010 жылдың ақпан айында ауылдық клубтың меңгерушілік қызметі ұсынылады.
Бір айта кетерлігі, Балапанға бұл салаға келіп еңбек ету қиын соқпаған. Өйткені, бала күнінен отбасындағы әкелерінің өлең жазып, домбыра тартып, ән салғанын көріп өскен барлық бауырлары да өнерге жақын. Шығармашылыққа бір табан жақын Балапан да күні бүгінге дейін ауыл клубын өрге сүйреп, өлке жастарының ауыл мәдениетін көтеруіне үлгі болып жүргеніне тұрғындар куә. Осындай адал еңбегінің арқасында ауыл мен ауданымыздың мақтанышына айналып отыр.
Өзі жетекшілік еткен Петропавл ауылының клубы 2016 жылы «Ең үздік ауыл клубы — 2016» атануы да тектен тек емес. Қол жеткізген жетістіктеріне тоқталар болсақ, ауыл клубының бағындырған белесіне ұжымға жетекшілік еткен Балапанның еңбегі зор деуге болады. Себебі, ол өнер мен мәдениет саласының маманы болмаса да, өзі басқарып отырған ауыл клубының биіктен көрінуіне талмай еңбек етуде. Сондықтан да, ақ адал еңбектің жемісін мақтан үшін емес, үлгі үшін айтқанда артық етпейді.
Атап айтар болсақ, 2018 жылы облыста өткен «Рухани қазына» фестиваліне қатысып, «Үздік ауылдық клуб» атағын иемденіп, дипломмен және де арнайы сый-сияпатпен марапатталған. Сондай-ақ, 2022 жылы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Құрмет грамотасымен, 2024 жылы «Рухани қазына» облыстық фестивалінде үздіктер қатарынан көрініп, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Гүлзира Қалиеваның Алғыс хатымен, оған қоса 2024 жылы Мәдениет саласы қызметкерлерінің мерекесіне орай Астана қаласында «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «ҚР мәдениет саласының мәртебелі маманы» атты республикалық байқауына қатысып, нәтижесінде мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін аталмыш орталық директоры Əзірет Сатылғановтың атынан «ҚР мәдениет саласының мәртебелі маманы» төсбелгісін иеленіп, арнайы куәлікпен, І дәрежелі дипломмен және де статуэтка иеленді. Сонымен қатар, өткен жылы 25 қазан-Республика күніне орай облыс әкімі Асхат Шахаровтың алғыс хатымен де марапатталған.
Расында, жетістік-адал еңбек пен жемісті жұмыстың нәтижесі. Олай болса, кейіпкеріміздің ауыл мәдениетін дамытудағы 14 жылғы еңбегі мен үлесі бос кетпей, әділ бағаланғанын көруге болады.
Бұл тұста Балапан Сарсебаева да бұл жетістіктердің барлығы бір адамның емес, бірлескен ұжымның еңбегі деп біледі. Өйткені, атақ, құрмет, жетістік, жеңіс мұның бәрі белсенді ауыл жастары мен өнерге бейім ауылдастарының ұйымшылдығы мен бірлігінің нәтижесі екенін біліп, ризашылығын да жеткізді.
Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Ал оның ішінде ауыл мәдениетінің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандар аз емес. Соның бір дәлелі бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы мен бағындырған белесі. Ендеше, еңбегінің зейнетін көрер шағы таяған еңбек адамы бұл күнде 2 қыздың анасы, жиен немересінің әжесі.
Ең бастысы ол қоғамда өз орны бар іскер әйелдердің бірі, жастарға айтары мол, өнгелі еңбек адамы.
Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі