Желтоқсан ақиқаты
Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен “қазақ ұлтшылдығының көрінісі” деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болғаны сөзсіз.
Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс болды. Желтоқсан оқиғасының шығу себебін еске түсіре кетсек артық болмас. 1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өткен Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Діңмұхаммед Ахметұлы Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ В.Колбиннің «сайлануы» болды. Ертеңіне 17 желтоқсан күні орталық алаңға лек-легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа-өз көсемі!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шықты. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап етті. Жастар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді айтып қалуға тырысты.
Бірақ 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Брежнев алаңындағы қазақ жастарының бейбіт шеруі қанды оқиғаға айналды. Оларға «Ұлтшыл, маскүнем» деген кінә тағылды. Алаңдағы жастарды тоқтату үшін Алматы қызметкерлеріне көмекке милиция қызметкерлері: Фрунзеден 100, Ташкенттен 300, Челябіден 203, Новосибирскіден 203, Свердловскіден 225, Тбилисиден 450 адам тартылған. Жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспары бойынша іс-шаралар жасалынған. Жастарға өрт сөндіру машиналарымен суық сумен атқылаумен тоқталмай адамдарға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойған. Жалпы шеруде 8500 адам ұсталған. Көбі студент жастар.
Манаш Қозыбаев 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін сырлы құбылыс деп бағаласа, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» — деп бағалайды.
Қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романының бірінші кітабында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне баға берді. Алматыда ұлтшыл элементтер араңдатып салған оқушылар жастар тобы көшелерге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешіміне наразылық білдіргенін айтады. «Желтоқсан оқиғаларындағы» маңызды мәселелерді есте сақтау қажет дейді. «Ол екі бірдей жергілікті элиталарға (қазақ пен орыс) қарсы тұңғыш жаппай наразылық еді. Демонстранттар жақсы ұйымдасқан еді және өз жетекшілері ұсталғаннан кейін де орындарында қала беруі бағаланды» — деп сипаттайды.
Желтоқсан құбылысын зерттеуге ат салысып келе жатқан көрнекті журналист Т.Данияров: «Желтоқсан феноменін Одақтың құлауына әкелген 1991 жылғы тамызбен үндеседі», — деп санайды. «Желтоқсан ызғары» атты еңбектің авторы жазушы Т.Бейісқұлов желтоқсан қозғалысын «Совет өкіметі тұсында бұрын-сонды кездеспеген құбылыс» деп таныды. 1986 жылдың 16 желтоқсаны қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті қос күні – Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларында 17 мен 18 күндері болған бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс болып табылады. Өйткені, Қайта құрылу, әділеттілік пен теңдік сөз жүзінде жарияланғанмен, бұл кезде тоқыраудың тоңы құрсап, демократия әлі орыныға қойған жок деп есептейді.
Дегенмен, Желтоқсан көтерілісіне қатысты түйіні шешіле қоймаған әлі бірнеше мәселенің бар екенін атап өту керек. Биыл бұл «оқиғаға» бақандай отыз жыл толады. Әділет салтанат құруы үшін аз уақыт емес. Өкінішке орай, тарихшы ғалымдар тарапынан да, мемлекет тарапынан да әлі күнге өзіне лайықты бағасын алған жоқ. Желтоқсан шындығы әлі күнге «жабулы қазан» күйінде қалып отыр. Бұл не деген сөз? Яғни бұл мәселеде қандай да бір кедергілер бар деген сөз…
Біріншіден, 1986 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында болған оқиға әлі күнге толыққанды бағасын алған жоқ. Негізгі қалыптасып қалған ұғым, ол – Желтоқсан оқиғасы. Ал бұл атау сол жылдары ресми бекітілгенін де ұмытпаған жөн. «Желтоқсан оқиғасы» деген формулировка совет газеттері мен партия құжаттарында суреттеледі. Кейінгі, ресми құжаттарда да осындай атау бекітілді. Мысалы, КСРО Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің 1990 жылғы 18 мамырдағы қаулысына байланысты қалыптастырылғаны өздеріңізге мәлім. Кеңес билігі әу баста Алматыда болған оқиғаларды «қазақ ұлтшылдығының көріністері» деп бағалады. Орталық Комитеттің қаулысынан соң ғана Алматыда болған жайларды «Желтоқсан оқиғасы» деп аталып келеді. Ал шын мәнінде «оқиға» деген не? Негізі Желтоқсан көтерілісіне оқиға деп баға беру қазақтың азаттық жолындағы шешуші әрекеттерінің бірі және бірегейінің бағасын түсіретін сияқты. 2008 жылы жарық көрген Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «оқиғаға»: «Оқиға – болып өткен іс, елеулі құбылыс» деп баға берілген.
Сол себепті, біреуіміз көтеріліс, біреуіміз оқиға деумен келеміз. Енді оқиғаға не себепті «көтеріліс» деп баға берген дұрыс дегенге тоқталса. Сөз жоқ, бұл жерде ең алдымен бұл ұғымның мәнін ашып алу керек. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «көтеріліс», «ереуіл», «қозғалыс» ұғымдары да түсіндіріледі.
«Көтеріліс – халық бұқарасының яки белгілі бір көпшілік топтың саяси, әлеуметтік мәні бар құралды күресі, қарулы ереуілі».
«Ереуіл – жаппай дүрлігушілік, дүрмек, екінші мағынасы – саяси, ұйымдасқан түрде жұмысқа шықпай, бас көтерген қозғалыс».
«Қозғалыс – халықтың жаппай наразылығы».
Егер осы айтылғандардан өрбітсек, қозғалыс болу үшін халық жаппай наразылық танытуы керек. Ереуіл де солай. Көтеріліс болу үшін қолда құрал, қару-жарақ болуы және ең бастысы, ұйымдастырушы мен басшы керек. Бұл жалпы қалыптасқан әдіс. Алайда, Альберт Эйнштейн институты «азаматтық көтеріліс» немесе «күш қолданбау көтерілісі» деген ұғымдарды енгізді. Мұндай жағдайда көтеріліс жасаушылардың қолға қару алуының да қажеті жоқ. Демек, Желтоқсан көтерілісін «Азаматтық көтеріліс» немесе «Демократиялық қарсы шығу, толқу» деп те айтуға болады.
Екіншіден, зерттеушілер мен оқулық авторлары да бірізділікке түсуі тиіс. Біз жас ұрпақты отансүйгіш етіп тәрбиелейміз десек, желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды үлгі етеміз десек, алдымен көтеріліске дұрыс және ортақ баға берген абзал. Өкінішке орай, әзірге біз мұндай қадамға бара қойған жоқпыз.
Бұдан басқа желтоқсан көтерілісі төңірегіне келгенде әлі де болса самарқаулық пен салғырттыққа жол беріп келе жатқанымыз өтірік емес. Бір оқиғаның баяны, атауы, саны, салмағы әртүрлі кітаптарда әрқилы жазылып келеді. Ол аздай, Желтоқсанның болғанын жоққа шығару, тарихи маңызын бұрмалап, әлсіретіп көрсету сияқты екі ұдай іс-әрекеттер көбейіп кетті. Осы орайда біздің айтарымыз, қазір қазақтың тарихы ұлттық көзқараста жаңаша жазылуы керек деген талап қойылып, ұлттық тұрғыдан бағалау қолға алынып жатқанда, Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты әділетсіз бұрмаланған фактілер мен оқиғаларды қайтадан зердеден өткізіп, жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді қайта қарап, түзету енгізіп, сонан соң оның нақты саяси-құқықтық статусын анықтап, тарихи бағасын беру, желтоқсаншылардың мәртебесін анықтау секілді тағы басқа толып жатқан мәселелерде бір мәмілеге тоқталатын уақыт жетті. Олай болса, Желтоқсан-86-ның тарихын зерттеп, зерделеп қайта жазуда, ұлттық дүниетаным тұрғысынан жаңаша бағалауда бірінші кезекте мынадай мәселелер негізге алынып, ескерілуі тиіс.
Желтоқсан көтерілісін қорытып, қайта бағалауда бізде туындап отырған негізгі қиыншылық — «Желтоқсан оқиғасының» іргелі ғылыми деңгейде зерттелмей отырғандығы. Әрине, өз беттерінше тиіп-қашып зерттеп, мақалалар жазып жүрген тарихшы-ғалымдар бар, бірақ іргелі монографиялық зерттеулер әлі дүниеге келген жоқ деуге болады. Соның кесірінен Желтоқсанның статусын анықтап, тарихи бағасын беру мәселесінде кешеуілдеп келеміз. Желтоқсан көтерілісінің тарихы іргелі ғылыми нысанға айналуы керек деп мәселе қойып отырғанымыздың себебі де сол. Бұл — кезек күттірмейтін негізгі мәселе.
Ол үшін не істеу керек? Желтоқсан құбылысын зерттеп, ұлттық дүниетаным тұрғысынан жаңаша байлам жасап, бағалау үшін оған мемлекет өзі тапсырыс беруі керек. Басқаша түсіндіргенде, тарихшылар мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуі тиіс. Әлемдік тәжірибеде мұның мысалдары жетіп артылады. Мысалы, Германияның, Францияның, Ресейдің тарихын қараңыз, бәрі академиялық тұрғыдан іргелі зерттелген, мемлекеттің тапсырысы негізде қорытылып жазылған. Яғни бұған қаржыны мемлекет бөлуі керек. Кез келген іргелі зерттеудің соңы қаржыға барып тіреледі. Қаржысыз үлкен, іргелі істер аяқталмай қалуы мүмкін. Тіпті, кеңестік кезеңде жазылған, мемлекеттік сыйлыққа ие болған 5 томдық тарихымыз да мемлекеттің қолдауымен дүниеге келген болатын. Бұл — бір.
Екіншіден, таяуда Алаш қозғалысының тарихына байланысты 5 томдық кітап жарық көрді. Авторлардың айтуынша, осы томдықтарды шығару оңай болмаған көрінеді. Кедергілер, қарсылықтар орын алыпты. Соның кесірінен оған көптеген тарихи маңызы бар құжаттар енбей қалса керек. Себебі оған кедергі келтіруші шолақ белсенділер көп болған. Сол сияқты Желтоқсан ақиқатын жазуға, құжаттарды жариялауға кедергі жасаушылардың да аз болмайтыны анық. Міне, осындай кедергілерге тойтарыс беру үшін мемлекеттің қолдауы керек-ақ. Егер бұл мәселеде мемлекет қолдау көрсетпесе, ақиқатты ашуға мүмкіндік жасамаса, зерттеушілерге мұрағатта жатқан құпия құжаттарға қол жеткізу де қиын. Ал, МҚК-нің мұрағатында Желтоқсан көтерілісіне қатысты көптің көзінен тасада жатқан құнды құжаттар мен қағаздар шаш етектен екендігінде күмән жоқ. Осы құпия материалдар зерттеушілердің қолына міндетті түрде түсуі керек. Содан кейін ғана «Желтоқсан оқиғасының» ісі егжей-тегжейлі зерттеледі, қорытылады, бағасы беріледі, ұлттық тарихымыздан өзінің тиісті орнын алады. Қысқасы, билік пен тарихшы ғалымдардың арасында өзара бірлестік, түсіністік, үйлесім болмай, іс оңға баспайды. Ендеше, ұлт тарихының бір іргелі бөлігі ретінде Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісін өз деңгейінде зерттеп, зерделеу үшін осындай мемлекеттік тапсырыс берілуі керек деп есептейміз.
Шын мәнінде, біздер кез келген мәселеге орыстардың көзімен қарап, бағалауға бейімделіп кеткен халықпыз. Бұл көзқарастың қалыптасып кеткені сондай, тіпті қазіргі сыртқы жағдайлар тұрмақ, ішкі мәселеміздің өзіне солтүстік көршіміздің көзімен үңіліп, талдау жасауға ыңғайланып тұрамыз. Неге? Себебі бізде ұлттық көз-қараспен қарап, талдау жасаудың методологиясы мен ғылыми негізі әлі қалыптаспаған. Бұл методология орыс тілінде жазылып, қазақ тілінде жазылмайтындығын білдіреді. Осылайша қазақ қоғамына деген көзқарас орыстілді ақпараттардың негізінде бағаланып, қалыптасады да, нәтижесінде қазақ қоғамына қатысты оңтайлы тұжырым жасалмай келеді. Қалай десек те, бұл мәжбүр сананы егіп, қалыптастырудағы орыс отаршыларының жемісті еңбегі екені даусыз. Қазір осынау құлдық санадан бірден бас тарту оңай болып отырған жоқ. Мысалы, орыс билігі 1986 жылғы Алматы желтоқсанында «ешқандай әскери күш, қару қолданылған жоқ, арандату, қорқыту, үркіту болған жоқ, адам құқы бұзылған жоқ, адам шығыны орын алған жоқ», тек «бұзақы тобырлар» мен «ұлтшыл элементтерді» «жуасыту» үшін талапқа сай амалдар қолданылды» деген сыңайда ойдан құрастырылған ақпараттар таратып, жалған тұжырымдар жасаған. Осындай тұжырым жасалған соң, әлем жұртшылығы арасында сондай кері тұжырым қалыптасты. Өкініштісі, Желтоқсан 86-ны көпшілік әлі күнге дейін осылай ұғынып, осылай бағалайды.
Желтоқсан көтерілісі дегенде есте болатын бір нәрсе – әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған КСРО-ның ыдырауына тарихи тұрғыдан негізгі рөл атқарды. Яғни Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағы деп аталатын алып империяның ыдырауын жеделдеткен тарихи көтеріліс. Оны кейін 1991 жылы болған Ыстықкөл саммитінде М.С.Горбачевтің өзі мойындаған. Осы орайда, Желтоқсан құбылысын әлемдік деңгейге көтеріп, жұртшылықтың ниетін оған бұруда америкалық Хельсинки тобының еңбегі ерекше екенін айта кетуіміз керек. Бұл топ Алматы құбылысын «М.С.Горбачев билікке келгелі бері болған халық наразылығының ең бірінші және жойқын көрінісі», — деп, алғашқылардың бірі болып таныды.
Сөйтіп, олар көтерілісті «тек Қазақстан ғана емес, бүкіл одақ көлеміндегі ірі тарихи құбылыс» деп атап көрсетіп, «бұл жаңа кезеңнің басталуы» деген баға беріп, мойындаған. Осылайша, Алматы желтоқсанының жаңғырығы Сумгайт, Баку, Тбилиси, Вильнюс құбылыстарына жалғанып, одақ желтоқсанына ұласты. Тіпті, республикалар ауқымынан шығып, еуразиялық сипат алды. Оның әсері әлемдік «Варшава блогына» кіретін социалистік елдердің бұдан былайғы жерде өздерінің саяси-экономикалық, әлеуметтік, ұлтаралық, сондай-ақ, шекаралық ахуалын қайта қарауына, бағалауына орасан ықпал жасады. Оның аяғы әлемдік социалистік формацияның түпкілікті күйреуіне алып келді. Бірақ, бір өкінішті жағдай, біздер Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің байыбына бармай, ақиқатын ас беріп, шапан кигізу арқылы «шешіп» жүргенімізде, ЮНЕСКО 25 жылда бір шығаратын «Дүниежүзілік тарих» деп аталатын анықтамалықта: «КСРО-ның тоталитарлық жүйесіне тұңғыш рет қарсы шыққан демократиялық үрдістер Тбилиси мен Вильнюста бастау алған» деп жазып қойыпты.
Бұған не деуге болады? Мұны қазақы жайбасарлық дейміз бе, әлде бейғамдық, немқұрайлық дейміз бе? Бәлкім, оның басқа сыры бар шығар? Қайткенде де ол жағы бізге беймәлім. Бізге мәлімі, шын мәнінде, КСРО-ның құлауына тұңғыш рет алғышарт жасаған Алматы желтоқсаны болатын. Мұны әлемдегі қоғамтанушы-ғалымдардың бәрі бірауыздан мойындайды. Ендеше, «Кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйеге тұңғыш демократиялық қарсылық 1986 жылы желтоқсанда Қазақ елінде, Алматы қаласында басталды» деп түзетіп жазуға күш салуымыз керек. Жазғанда, «әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы шығу» деген сөзді «Ресей-КСРО отаршылдығына қарсы шығу» деп түзетіп жазуымыз керек деген ой бар.
Тарих – халықтың зердесі. Зердені жалған деректермен, өтірік ақпаратпен бұрмалап, халықты адастыруға болмайды. Зерде бүлінеді, сана сүрінеді, жад былғанады. Жад былғанса, халық мәңгүрттенеді. Мәңгүрт халық – болашағы жоқ халық. Айтайын дегеніміз — Желтоқсан ақиқатын әртүрлі саяси амбицияның, жеке бас ойындарының «құралына» пайдаланып, бұрмалауға жол берілмеу керек. Ұлт тарихын ұлықтап, кешегіні бүгінгінің биігінен зерделеу кезінде ертең өкініш болмауы үшін біздің де әлемдік озық әдістемелік үлгілерге иек артқанымыз жөн.
1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» СССР жетекшілігіне Михаил Горбачев тағайындалып, Мәскеу «қайта құру» мен «жариялылық» саясатын ұстана бастаған кезеңдегі одақ көлемінде болған алғашқы саяси демонстрациялардың бірі ретінде тарихта қалды.
Біз қазір өз еркіміз өзіміздің қолдағы, ешкімнің алдында есеп бермейтін, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетпіз. Олай болса кез келген тарихи құбылысқа, соның ішінде Желтоқсан-86 көтерілісіне де тәуелсіз сана тұрғысынан қарап, ұлттық дүниетаным тұрғысынан таразылап, төл методологиялық көзқараста саралап, тарихи әділдік тұрғысынан бағалап, жазуды талап етеміз.
Желтоқсан қозғалысы үш күнмен шектелмейді. Бұл бүкіл халықтың рухани өміріне әсер етті. Ұлттық сананы қалыптастырып, ұлттық рухты өсірді. Әлі де зерттеушілер қозғалыстың түпкі қайнарын, оның маңызын, әсерін, жалпыұлттық дәрежеде қарауы керек.
Бұл мақсатта авторлардың қателесуге қақысы жоқ. Тарих қателікті кешірмейді.
Тарихи деректерге сүйене отырып дайындаған
Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі