ШӘМШІ АУЫЛЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
Өткен аптада Шәмші ауылындағы мекемелер арасында «Үздік мекеме-2024» байқауы өтті.
Бұл байқау Шәмші Қалдаяқов ауылы әкімшілігінің қолдауымен, ауылдық клубтың ұйымдастыруымен өткізілді.
Байқаудың мақсаты — мекеме қызметкерлері арасында достық қарым-қатынасты нығайту, ауызбіршілікті дамыту, қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген мамандарды ынталандыру.
Шара барысында Шәмші ауылының әкімі Самат Изтлеуов сөз сөйлеп, шараның ұйымдастырылуы мен мақсатына тоқталып өтіп, қатысушы мекемелерге сәттілік тіледі.
Қатысушы ұжымдар байқау шартына сәйкес 4 кезең бойынша өзара сынға түсті. Ең алдымен мекемені таныстыру бөлімінен басталған сайыс, одан соң мекеме қызметкерлерінің өз өнерлерін көрсетумен жалғасты. Ал байқаудың 3 шарты бойынша мекеменің бір күндік жұмысынан бейнеролик көрсетілсе, сайыстың соңғы кезеңі ауылдық клуб қызметкерлері мекемелердің ауызбіршілігін байқататын қызықты ойындар ойнатты.
Шәмші ауылындағы мекемелер арасындағы үздіктерді анықтаған байқауға әділқазылар алқасы төрелік етіп, олардың өнерлерін бағалады. Байқау қызықты да тартысты өтті. Қатысушы мекемелер күнделікті күйбең тірліктен, қызметтегі қағазбастылық пен жауапты қызметтен бір сәт қол үзіп, ұжымның бірлігі үшін өздерінің бойындағы әр түрлі өнерлерін ортаға салып, қызықты тапсырмалар орындап серпіліп қалды.
Нәтижесінде, әділқазылар алқасының шешімімен В.И.Пацаев атындағы орта мектебінің ұжымы жүлделі І орынды иеленіп, «Үздік мекеме-2024» атанды. Ал «Бөбек» бөбекжай-балабақшасы жүлделі ІІ орынға қол жеткізсе, ІІІ орын Шәмші ауылы әкімінің аппаратына бұйырды.
-Шара өте керемет өтті. Ауыл әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған байқауда үздік мекемелер анықталды. Байқауға ауыл әкімшілігінен бастап, мектеп, балабақша ұжымдары қатысып, өзара сайысқа түсті. Сайыс 4 кезеңді қамтыды. Әрбір кезең бойынша барлық қатысушы мекемелер белсенді дайындықпен келгенін көрсетті. Шағын ауылды шатыққа бөлеген шара ең бастысы ұжымдардың ауызбіршілігін байқатты. Бұл байқаудан жақсы әсер алдық. Сайыс болған соң, жеңімпаздардың анықталатыны сөзсіз. Десе де, мен мекемелер арасындағы жалпы достық жеңді дер едім,-деген лебізін білдірді байқауға төрелік еткен әділқазылар алқасының мүшесі Қанат Қартбаев.
Осылайша, Шәмші ауылындағы «Үздік мекеме-2024» байқауы қорытындыланып, жеңімпаз мекемелер арнайы дипломдармен және де ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нурлан ЖУМАГАЛИЕВ