Шет елден әріптесі тапқан азамат

Бүгінгі таңда екі дәуірдің куәгеріндей,  арамызда әлі күні аттан түспей, өткенді сабақтай, бүгінгі күннің жастарына жетекшідей ақыл кеңесін беріп жүрген тәлімі  мен айтары мол ел ағасы мен апалары баршылық.

                         

         Біз сөз еткелі отырған ел ағасы, ауылдастары Зейнеш атап кеткен Зинелғабиден Дербеспаев ескінің көзі, заманның  айтары мол азаматтарының бірі. Қашан көрсең де әңгімені күнделікті күйбеңнен бастамай, бабалар тәрбиесінен бастап, үйріп әкететін қасиетімен өзіне баурап  алатын, бір сөзді ел ағасы.

Соңғы кездері атасы Дербеспайдың қасиеті қонып, ем-доммен айналысып, шетелдік емді ауылдастарының пайдасына жаратып, өзге елден де әріптестер тауып, көрген білгенін ауылдастарының денсаулығына жаратып жүрген Зейнелғабиден Құспанұлын Қарттар күні мерекесіне орай әңгімеге тартқан болатынбыз.

-Сіз қолқа салдыңыз ғой, негізінде  өткенімді пәлен болдым деп, жыр қылып айтуды онша  қаламаймын. Сіз сұрағасын айтайын. Мен осы Қарғалы өңірінің төл тумасымын. Мен елді, ел мені таниды. Біздің әулет ата-бабамыз осы өңірге өзіндік  еңбектерімен танылған жандар. Кейінгі ұрпақтары солардың жалғасы болғанымызды мақтан тұтамыз. Әкем Құспан темір жол саласындағы қарапайым жұмысшы.

Өзім осы өңірде Бадамша ауылында туып өстім. Әңгімені отбасымнан бастайын. Ұлбосын Қуанышалина екеуміз 1977 жылы отбасын құрдық. Ол кісі кезінде  Жангелдин ауылында қыздар бригадасында тракторды тізгіндеп, кейіннен Кемпірсай стансасында поезды бағыттаушы (стрелшник ) болды. Одан соң 35 жыл аудандық ауруханада сестра хозяйка болып сол жерден зейнетке шықты. Үш қыз бір ұлдың анасы.

Өзім 1956 жылы 2 маусымда дүниеге келіп, осы жерде  оқып, еңбек еттім. Қысқаша айтқанда, мектеп бітіргеннен кейін 1973-1976 жылдары аралығында Орал қаласының ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Кемпірсай кеңшарында кіші мал дәрігері (ветеринар санитар) болып қызмет етім.

1980 жылы аудандық ауылшаруашылық бөлімінде зоотехник, 1983 жылы аудандық дайындау мекемесінде (зогот.контор) болып қызмет етіп, кейіннен директорлық міндетін атқардым. Ал 1990 жылы білім жетілдіру курсынан өтіп, аудандық сақтандыру мекемесінің  башысының орынбасары болдым.Сол жерден зейнетке шықтым. Қазіргі уақытта  Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім Бадамша ақсақалдар кеңесінің төрағасымын.          2008 жылы Украйна елінің астанасы Киев қаласында өткен «Адам мүшесіндегі құпия» (секрет человеческого организма) атты халықаралық семинарға қатыстым. 2012 жылы Қытай елінде Тибет медициналық методикасы бойынша дәріс алып, бүгінгі уақытта аудан жұртшылығына білегенімді ұсынып келемін. Ең бастысы өзге елдерден әріптес тауып, білімімді жетілдіріп, халық игілігіне жаратуға барымды саламын.

Әрине еңбегіме қарай облыс әкімі, облыстық ардагерлер кеңесі аудан әкімдігінен мадақтамалар да жетерлік. Мен үшін ең ардақтысы өткен  2022 жылғы «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі, ауылдастарымның еңбегімді  бағалғаны деп білемін.

Осы орайда замандастар бұл дүниеде жүргеніміз үшін емес, бар біліп, түйгенімізді жастарға жеткізуді нәсіп етер жарқын күндеріміз бен  бейбіт күнде өмір сүргенімізге  тәубе етейік дегім келеді.

Бақыт ИМАШЕВ.