ЖЫЛЫТУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Ауылымызға қар жауып, қыс та келді. Бұл мезгілдің алдын алып, дайындықты жаздан бастамасаң, қытымыр қыстың мінезі әуре-сарсаңға салатыны жасырын емес. Сондықтан да «Қыс шанаңды жаз сайла»,-деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған болар. 

Осы орайда біз де ауданымызды сумен, жылумен қамтып отырған мекеменің жай-күйімен танысып, оның қысқа дайындығы жайында білген едік. Айта кететін болсақ, «Бадамша-Сервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына жақында ғана жаңа басшы сайланған еді. Осыған орай  мекеме басшысы Санат Атеевпен сұхбаттасудың сәті туып, хабарласқан едік.

-Санат Тұрсынұлы, ең алдымен әңгімені өзіңізбен таныстықтан  бастасақ?

— Мен 1968 жылы дүниеге келгенмін. Білімім жоғары. Қазақ мемлекеттік академиясын бітіріп, еңбек жолымды спорт саласының әдіскерлігінен бастап, одан соң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінде басшылық қызмет атқардым.Тізбектеп жатпай-ақ, қысқа қайырып айтқанда осылай дәм айдап сіздің ауданға да келіп жатқан жайымыз бар.

-Олай болса, бұл қызметтің жұмыс жасау барысы сізге таныс деп ойлаймын. Ендеше, аталмыш мекеменің биылғы қысқа дайындығы  мен ұжымыңыз жайында айтып өтсеңіз?

-Иә, дұрыс айтасыз. Бұған дейін де атқарып жүрген, жайы таныс қызмет ғой. Бұл «Бадамша-Сервис» мекемесінің әр жылдары атауы өзгергенімен, әріден жұмыс жасап келе жатқан аудандағы маңызы зор мекеме. Бүгінгі таңда түрлі салада ұжымда 59 адам еңбек етеді. Бәрі де қолынан іс келетін, өз ісінің мамандары. Мекеме қажетті техникалық авто көліктермен қамтамасыз етілген. Атап айтар болсақ, 2 экскаватор, 2 ассенизатор авто-көлігі, 5 қызметтік жеңіл көліктер бар. Олардың барлығының да техникалық жағдайлары жақсы. Сонымен қатар, орталық қазандық 20 көпқабатты үйлер мен 13 әлеуметтік нысындарды жылумен қамтиды. Бадамшалықтар шағын қазандық деп атап жүрген 2 блок 3 көпқабатты үй мен 2 әлеуметтік нысанға мінсіз қызмет етіп тұр. Степной ауылында да 2 әлеуметтік нысанға қызмет етіп тұрған бөлімшеміз бар. Биылғы қысқа жан-жағымызды жинақтап түстік. Бұйырса келер жылы жылу, су жүйлерінің ескіргенін жаңарту жоспарда бар. Ауыз сумен қамту да тұрақты. Кейінгі кездері нарықтық заманның тәртібін түсінген тұрғындар да коммуналдық төлемдерін мезгілінде төлеуді әдетке айналдырып келеді. Бұл біздің мекеме үшін айтарлықтай көмек. Жалпы алғанда бәріміз біріксек, қыста тоңбай, жазда судан тарықпаймыз дер едім.  Ол үшін тұрғындарға қаржылық сауаттылық пен үнемшілдік қажет.

-Әңгімеңізге рахмет.

Иә,расында, қыр астында тұрған қытымыр мезгілге қарекет қамы қашан да  маңызды. Олай болса, жылыту маусымынан, яғни қыстан қысылмай  шығайық дегім келеді.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ